×

«Үмітті ақтадыңыз». Премьер-министр Елена Рыбакинаға орден тақты

Кәсіби спортшы қазақстандықтардың қолдауын сезініп жүргенін атап өтті

 Дәурен Ерболат 12.07.2022 | 14:14
Фото: primeminister.kz

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Wimbledon турнирінің жеңімпазы, қазақстандық теннисші Елена Рыбакинамен кездесті, деп хабарлайды премьер-министрдің баспасөз қызметі.

Кездесуде Әлихан Смайылов Елена Рыбакинаға президент Жарлығымен спорттағы аса үздік жетістіктері және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін берілген II дәрежелі «Достық» орденін табыс етті.

Барлық қазақстандық сіздің әлемнің ең атақты теннисшілерімен сайыстарыңызды бақылап отырды. Үлкен дулыға турнирінде жеңіске жетіп, сіз отандастарымыздың үмітін ақтадыңыз, сондай-ақ Қазақстанда теннисті дәріптеуге баға жетпес үлес қостыңыз. Сіздің жеңісіңіз жас спортшыларды ынталандыра түседі деп сенемін, – деді Әлихан Смайылов.

Елена Рыбакина жоғары марапат үшін алғыс айтып, қазақстандықтардың қолдауын сезініп жүретінін атап өтті.

Әрине, мен отандастарымыздың қолдауын ұдайы сезінемін. Бұл мен үшін үлкен қуаныш пен жауапкершілік. Кеше Қазақстанға ұшып келгенде мені қарсы алған адамдардың көп болғанын көрдім. Бұл жағдайдың менің басымнан өтіп жатқанына әлі де сене алар емеспін, – деді ол премьер-министрмен кездесуден кейін.

Қазақстандық теннисші жүлде қаражатының бір бөлігін елімізде қайырымдылыққа және жас спортшыларды қолдауға жұмсайтынын жеткізді.

«Менің ойымша, турнир ұйымдастырған немесе жас ойыншыларға грант тағайындаған дұрыс болады. Себебі мен мұнда зор қолдауға ие болдым. Енді жас буынның дамуына көмектесемін», – деді Елена Рыбакина.

Сондай-ақ спортшы бірнеше күннен кейін АҚШ-та өтетін турнирлерге дайындықты бастайтынын айтты.

«Биылғы мақсат – әлемдік рейтингтің ТОП-10 қатарына кіру. Басты мақсат – бірінші болу. Мен бұған ұмтыламын және бар күш-жігерімді саламын», – деді теннисші.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама