×

Елена Рыбакинаны жанкүйерлері елорда әуежайынан күтіп алды (ВИДЕО)

Рыбакинаны күтіп алуға жиналғандар арасында вице-премьер Ералы Тоғжанов та бар

 Гүлбаршын Нұрхан 11.07.2022 | 23:53
фото: Halyq Uni

Қазақстандық теннисші, әлемнің 23-ракеткасы Елена Рыбакина Ұлыбританиядағы жарыстан кейін елге оралды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Қазақстандық спортшыны Нұр-Сұлтан қаласының әуежайында туыстары мен жанкүйерлері, журналистер күтіп алды. Елена Рыбакинаны күтіп алуға жиналғандар арасында вице-премьер Ералы Тоғжанов та бар.

«Ертең баспасөз мәслихаты болады, мен барлық сұрақтарға қуана жауап беремін. Келгендеріңізге рақмет», - деді турнирден оралған теннисші.

Айта кетейік, Елена Рыбакина 9 шілдеде өткен Wimbledon турнирінің финалында жеңіске жетті. Оның қарсыласы тунистік Онс Жабер болды. Отандасымыз бірінші сетте 3:6 есебімен жеңілді, алайда екінші сетте қарсыласын 6:2 есебімен ұтты. Елена үшінші сетте де керемет өнер көрсетіп, қарсыласын 6:2 есебімен қапы қалдырды. Жалпы алғанда екі спортшының алаңдағы кездесуі 1 сағат 50 минутқа созылды. 

Тарихи жеңістен кейін ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев спортшымен телефон арқылы сөйлесіп, Қазақстан туы астында сәтті өнер көрсеткені және халықаралық аренада еліміздің абыройын асқақтатқаны үшін алғыс айтты.

Мемлекет басшысы Еленаның асқан шеберлігінің, жеңіске деген ерік-жігерінің және оның кортта өзін ұстау мәдениетінің жоғары екенін атап өтті. Ел президенті Елена Рыбакинаның жарқын жеңісі Қазақстан теннисін одан әрі дамытуға, спорттың осы түріне балалардың көптеп тартылуына ықпал етеді деп санайды.

Президенттің жарлығымен Рыбакинаға ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама