×

Елімізде егде жастағы әйелдердің зейнет жасы төмендеуі мүмкін

Белсенділер әйелдердің 58 жастан бастап өз еркімен зейнетке шығу мүмкіндігі үшін күреспек

 Халық үні 11.07.2022 | 20:09
фото: baq.kz

Талайдан бері қоғам талқысында түсіп, көптің көкейтесті мәселесіне айналған тақырып қайта қаралмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін мүдделі топ пен сала басшылары кездесіп, бір тоқтамға келді. Енді жыл сайын көтеріліп отырған зейнет жасы осы күйде уақытша тоқтап, 58 жастан лайықты демалысқа шығу мүмкіндігі қаралады.

Елімізде егде жастағы әйелдердің зейнетке шығу жасын төмендету соңғы кездері жиі көтеріліп жүр. Осы мәселе төңірегінде түрлі тартысқа куә болып келеміз. Әр тарап арқанды өз жағына тартады. Бірі ала қап асынған аналар зейнетке 58 жастан шықсын десе, енді бірі «қордың түбі көрінді» деп, қордаланған мәселені қаз-қалпында қалдыруды құптап жүр. Арнайы қозғалыс та құрылды. Түптің түбінде сол қозғалыс мүшелері бүгін сала басшыларымен кездесті. 

«Бастамашыл топтың ұсынысы қабылданды, жұмысқа алынды, енді бірігіп, жұмыс жасайтын боламыз. Қазір 60,5 жастан зейнетке шығып жатыр. Ал 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап 61 жастан шығатын болады. Жыл сайын жарты жылға көбейіп отыратын болады. Осы бастамашыл топтың ұсынысы бұл жасты уақытша тоқтату. Қозғалыс мүшелері «зейнет жасын уақытша тоқтатудың өзі жартылай жеңіс», - дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-минстрі Назгүл Сағындықова. 

Енді белсенділер әйелдердің 58 жастан бастап өз еркімен зейнетке шығу мүмкіндігі үшін күреспек. Яғни жасы жеткен әйел зейнетке шығу-шықпауын өзі таңдауға мүмкіндік тууы мүмкін.

«58 жасты бір уақытта тоқтатпайтынын бәріміз біліп отырмыз. Сол үшін 63 жастан 58-ге түсіру деген қиын. Сол үшін біз үміттеніп жатырмыз. Қазіргі 60 жарымды тоқтатып жіберіңіз. Сосын 58 жастан бастап мүмкіндік беруді талап етіп жатырмыз», - дейді белсенді Жанар Жібергенова. 

Сонымен арнайы құрылған жұмыс тобы мәселені белсенділермен бірге жан-жақты қарайтын болып келісті. Алғашқы шешімдер жаз аяғына дейін шығуы тиіс. Жалпы жұмыс жылдың соңында қортындыланады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама