×

Теңіз кен орнындағы апаттан зардап шеккендердің жағдайы айтылды

Марқұм болған жұмысшыларды жерлеуге қатысты шығындарды компания толықтай өз тарапынан өтейді

 Айнұр Асылбекқызы 07.07.2022 | 20:58
фото: ашық дереккөзден

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Теңіз» кен орнындағы апаттан зардап шеккендердің жағдайына арналған баспасөз конференциясы өтті. 

Конференцияға «Сенімді құрылыс» компаниясының өндірістік қатынастар жөніндегі менеджері Гүлмира Батпанова мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев қатысты. 

Жиын барысында Гүлмира Батпанова қаза болғандардың отбасына көңіл айтып, марқұм болған жұмысшыларды жерлеуге қатысты шығындарды компания толықтай өз тарапынан өтейтінін мәлімдеді. 

- Қайғылы оқиға кезінде қаза тапқан жұмысшылардың садақасын өткізуге алдымен 500 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. Алдағы уақытта бұдан бөлек, заң аясында қажетті материалдық жәрдем беріледі. Сонымен қатар, несиелік қарыздарын да толық мөлшерде өтеп беретінімізді мәлімдейміз. Артында қалған балаларының білім алып, толыққанды жетілуіне біздің тарапымыздан барлық жағдай жасалынады. 

Гүлмира Батпанованың мәліметінше, кен орнында құбырларға гидровликалық сынақтар үнемі жүргізіліп тұрады. 

«Бірақ, қайғылы оқиғамен аяқталған бұндай жағдаймен біз бірінші рет кездесіп отырмыз. Оқиғаның себеп- салдарын анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, тексеріс жүргізілуде. Тексеріс аяқталғанша зауыттағы жұмыс тоқтатылды»,- деді «Сенімді құрылыс» компаниясының өндірістік қатынастар жөніндегі менеджері. 

Ал, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің мәліметінше, қазір жарақат алған бір жұмысшы облыстық ауруханада ем қабылдауда.

«Бір зардап шегуші азамат оқиға орын алған сәтте «Теңізшевройл» ЖШС-не қарасты ұшақпен облыстық ауруханаға жеткізілді. Қазір аталған аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы ауыр. Ішкі ағзаларының зақымдануына сәйкес диагностика жасалып, тиісінше ем алуда. Ал, екінші жұмысшы Жылыой аудандық ауруханасына жеткізіліп, толық тексерістен өтті. Ол 6 шілде күні қолхатпен үйге шығарылды. Алайда, ауруханадан шыққанымен, дәрігерлердің бақылауынан тыс қалмайды. Үшінші зардап шегушіге кен орнындағы «ТШО клиникасы» медициналық мекемесінің қызметкерлері психологиялық көмек көрсетті. Бүгінде ол үйіне жіберілді», -деді басқарма басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама