×

Ұлытау облысында алғашқы көтерме-тауар орталығы ашылды

Жылына 13800 тонна азық-түлікті, оның ішінде 350 тонна ет сатуға болады

 Дастан Жұмабекұлы 07.07.2022 | 17:27
фото: Ұлытау облысының әкімдігі

Жезқазған қаласында алғашқы көтерме-тауар орталығы ашылды. Оның ашылу салтанатына облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы, облыстық мәслихат хатшысы Бауыржан Шыңғысов пен облыстық және қалалық мәслихаттың депутаттары қатысты.

Өңір басшысы осы кезге дейін Ұлытау облысына жердің шалғайлығы мен қатынастың қиындығына байланысты азық-түлік нарығындағы жағдай біршама қиындық туғызып келгенін, соған қарамастан жергілікті билік бұл мәселенің оң шешімін табуға қашан да мүдделілік танытып, қажетті шараларды қабылдаумен айналысқанын атап өтті.

Оның айтуынша, жаңадан ашылғалы отырған көтерме-тарату орталығы облыстағы елді-мекендерге азық-түлікті үздіксіз жеткізу мен бағаның шарықтамауына оң әсерін тигізеді. Орталықтың заманға сай құралдармен жабдықталуы, білікті мамандармен жасақталуы осы нарықтағы әділ бәсекелестік пен сауда мәдениетінің жаңа деңгейін қалыптастырары сөзсіз.

Орталық «ULY DALA» ЖШС пен «К Ютария Ltd» ӨИК» ЖШС бастамасымен ашылған. Оның аумағы 2500 шаршы метр.

Жаңа логистикалық оператор толыққанды инфрақұрылымға және тоңазытқыш камералармен, паллет фронтальды және тауарларды (ет, көкөніс және бакалея) сақтауға арналған орташа жүк стеллаждарымен жабдықталған заманауи терминалдарға ие.

Орталық азық-түлік тауарларын сақтауға және жинақтауға, айына 1150 тонна көлемінде көтерме сауданы ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Жылына 13800 тонна азық-түлікті, оның ішінде 350 тонна ет сатуға болады. Орталық қаланың кәсіпкерлері мен сауда нүктелеріне ет, бакалея өнімдерін сақтау бойынша қызмет көрсетеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама