×

«Теңіз» кен орнындағы апатты жағдайға байланысты шұғыл жиын өтті

Жиынға «Теңізшевройл» ЖШС, ТЖД, ПД өкілдері мен жауапты басқарма басшылары қатысты.

 Айнұр Асылбекқызы 06.07.2022 | 15:30
Фото: ашық дереккөздерден

Бүгін  Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов «Теңіз» кен орнында болған апатты жағдайға байланысты шұғыл жиын өткізді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Серік Шәпкенов қаза болған жұмысшылардың жақын туыстарына қайғырып көңіл айтып, қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына қажетті материалдық көмек көрсетілетінін жеткізді. Сондай-ақ аймақ басшысы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына жарақат алған жұмысшыларға медициналық көмек көрсетуді тапсырды.
Апаттың себеп-салдарын анықтау мақсатында облыстық деңгейде арнайы комиссия құрылып, заң аясында жұмыстар жүргізіледі.
Бұған дейін «Теңізшевройл» кәсіпорны 6 шілде күні «Senimdi Kurylys» мердігер ұйымы мен оның қосалқы ұйымдары қызметкерлері құрылыс алаңында атқарған гидравликалық сынау кезінде қысым түсуі салдарынан мердігер ұйымының үш қызметкері жарақат алып, екеуі қаза тапқанын хабарлаған болатын. 

Жарылыстан 37 жастағы екі жұмысшы қаза тауып, үш қызметкер медициналық көмекке жүгінген. Жарылыс сағат 09:55 шамасында болды. Қылмыстық кодекстің 156-бабының 3-бөлімі  (Еңбектi қорғау қағидаларын бұзу cалдарынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама