×

Бүгін – елорда күні

Қала күні 1998 жылдан бері тойланып келеді

 Халық үні 06.07.2022 | 09:38
Фото: ашық дереккөздерден

Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін, ел астанасын оңтүстіктен орталыққа қарай көшіру мәселесі көтерілді. Осылайша елдің жаңа астанасына оңтайлы қаланы анықтау мақсатында республиканың бүкіл аумағы мұқият зерттелді. Таңдау Ақмола қаласына түсті.

Жоғарғы кеңес 1994 жылы 6 шілдеде елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім қабылдады. Араға үш жыл салып, 1997 жылы 20 қазанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев астананы ауыстыру туралы жарлыққа қол қойды. Ал 1998 жылы 6 мамырда президенттің жарлығымен Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді.

Жаңа астананың ресми тұсаукесер тойы 1998 жылдың 10 маусымына белгіленді. Бұл күн 2006 жылға дейін елорданың туған күні ретінде мерекеленіп келді.

Кейінірек заңға өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік мейрамның датасы 6 шілдеге ауыстырылды.

Деректерге сүйенсек, елорданы ауыстыру туралы шешім қабылданған кезде, Астана халқының саны 290 мыңдай ғана болған. Ал қазір елорда тұрғындарының саны 1 миллионнан асады. Қала төрт ауданнан – "Алматы", "Сарыарқа", "Есіл" және "Байқоңыр" ауданынан тұрады.

Бүгінде елорда халықаралық форумдар, конгрестер мен өзге де маңызды іс-шаралар өтетін Еуразия кеңістігінің орталығына айналды.

Астана қаласының атауы 2019 жылы 23 наурызда Нұр-Сұлтан болып өзгертілді.

Қазақстандықтар астана күнін жыл сайын мемлекеттік деңгейде кеңінен атап өтеді.

Биыл да елорда әкімдігі қала күніне орай бірқатар іс-шара ұйымдастырылады.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама