×

«Пәтерімді саттым...» АҚШ-тан көлік әкеп береміз деген компания жұртты миллиондап тақырға отырғызды

Елордада алаяқтарға алданған тағы бір топ құқық қорғау органдарынан көмек іздеп, шұбырып жүр

 Ербол Тұрымбет 05.07.2022 | 17:00
Коллаж: Halyq Uni

Қаладағы бір үйдің ауласында орналасқан «Казмотокар» дейтін күмәнді компания оларды әуреге сап қойған. Миллиондаған қаражатын салып жіберген жұрт компания жарнамасы Instagram әлеуметтік желісі мен kolesa.kz сайтында жарияланған соң сеніп қалғандарын айтады. 

Тіпті өздерін әділет органдарында 26-ақпанда тіркелген, ресми түрде жұмыс істеп жатқан компания ретінде таныстырған. Соның әсерінен компаниядан тек Александра деген менеджер қыздан басқа ешкімнің көрінбеуі де, төлемді тек қолма-қол қабылдайтындары да сенімге шүбә келтірмепті. 

Компанияның өзі Нұр-Сұлтан қаласындағы Керей, Жәнібек хандар көшесі, 11 мекен-жайында орналасқан. 

Сан соғып қалғандардың бірі Кристина есімді Теміртау қаласының тұрғынына көлігін 100 күнде 21-маусымда әкеліп беруі тиіс болған. «Әкеліп, бүкіл құжаттамасын жасатып, мініп айдап кете беретіндей етіп береміз» деген сөзі де құлаққа майдай жағыпты. Алайда келісімшарт уақыты біткенде олар есігін жауып, телефонын өшіріп, ұшты-күйлі жоғалған. 

Келісімшарт жасастық. Шарттарының көбі оңтайлы болды. Бөліп төлеуге де, болмаса 80/20% етіп төлеуге де болады. Яғни, 80%-ын бірден төлейміз де қалғанын кейін береміз деп келістік. Бірақ ақшаны электронды есепшотқа аудармадық, қолма-қол төледік. Олар мөр басылған түбіртегін берді, дейді Кристина. 

Ал елордалық Динара Қуандықова осы компания арқылы АҚШ-тан «Toyota Rav4» алдыру үшін пәтерін сатыпты. Үш ай бұрын осы компанияға келіп, келісімшарт жасасқан. Соңғы рет 24-маусымда төлем жасаған. Өйткені, көлікті бірнеше қосымша жабдығымен аламыз деп шешіпті. Қазір қолында содан қалған 4 бірдей түбіртегі бар. Бәрін санағанда 5 млн 335 мың теңге шығып тұр. 

Қапелімде қайтерін білмей дағдарып қалған 14 азамат «Әділдік жолы» РҚБ-нен көмек сұрай келіпті. Араларында ең қатты зардап шеккені – үш көлікке тапсырыс беріп, жалпы көлемі 11 млн теңгеден астам ақшасынан қағылған. 

Бірлестіктің елордалық филиалының директоры Дархан Құлжамбековтің айтуынша, елордада орналасқан «Казмотокар» ЖШС ақпан айынан бастап еліміздің әр өңірінен тапсырыс қабылдап, АҚШ-тан «Toyota» маркалы көлік әкеліп беруді уәде еткен.

Әрқайсының шығыны әр түрлі. Жалпы көлемі анықталған жоқ, өйткені жапа шеккендер тағы да шығуы мүмкін. Оның бәрі есептелуі керек. Маған 14 адам ұжымдық арыз тастап кетті. Ол кісілерге тиісті қылмыстық қудалау органдарына арыздану керектігін айттық. Ал арыздарын прокуратура органына жібереміз, дейді Дархан Құлжамбеков. 

Оның айтуынша, келісімшартты жасаспас бұрын күмәнді компанияның о бастан жаман пиғылы болған. Ал келісімшарт ол тек алаяқтық жасаудың амалы ғана екен. 

Айта кетейік, зардап шеккендер саны республика бойынша әлі де көбейе түсуі мүмкін. Ал бұл 14 азамат солардың алғашқы тобы болып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама