×

Зейнет жасын төмендетуге қатысты министр мен вице-премьердің мәлімдемесі бір-біріне қайшы

Әйелдер қозғалысының өкілдері Қаржы министрінің мәлімдемесіне дүрсе қоя берді

 Ербол Тұрымбет 28.06.2022 | 17:54
Коллаж: Halyq Uni

Бүгін Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкіметте зейнет жасын төмендету мәселесінің әлі талқыланбағанын айтты.

«Кез-келген өзгеріс талқылау мен үлкен есепті қажет етеді. Әлі ұсыныс пен талқылау болған жоқ. Тамара Қасымқызының сіздерге не дегенін білмеймін, бірақ талқыланып жатқан жоқ» деген еді.

Ал бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова бір топ белсенді әйелмен кездесіп, зейнет жасын төмендету мәселесін талқылағанын айтса, вице-премьер Ералы Тоғжанов та бұл мәселенің әлі де талқыланып жатқанын жеткізген-ді. 

Қаржы министрінің бұл сөзі «Зейнет жасын 58-ге түсіру жөніндегі әйелдер қозғалысы» өкілдерінің шамына тиген. Қозғалыс жетекшісі Майкен Бегарыстанованың айтуынша, Тамара Дүйсенова бұл мәселенің әлеуметтік блокта қаралып жатқанын мәлімдеген. «Сонда екеуі екі түрлі сөйлеп тұр. Кім шын, кім жалған сөйлеп тұр? Біз осы сөзі үшін Президенттен бастап бүкіл мемлекеттік органға арнайы хат жазып жатырмыз», дейді қоғам белсендісі.

Қозғалыстың тағы бір өкілі Жанар Жібегенованың айтуынша, негізгі талаптардың бірі – азаматтардың еңбек өтілін 2013 жылдан бастап есептеу керек. Яғни, зейнетақы жарнасын төлеуді МЖЗҚ ашылған 1998 жылдан бастап емес, БЖЗҚ ашылған уақыт, яғни, 2013 жылдан бастап есептеу қажет. Өйткені, халық тұрақты түрде зейнетақы жарнасын төлеп отыру керек екенін сол уақыттарда ғана түсіне бастаған.

Белсенділердің пікірінше, сондай олқылықтың кесірінен 1998 жылдан бергі еңбек өтілін зейнетақы жарнасы арқылы ешкім көрсете алмайды. Бүкіл қиыншылық содан басталып отыр. Соның кесірінен біраз адамның зейнетақысы аз шығып жатыр. Өмірінің 40 жылын еңбекке арнаса да 20-30 мың зейнетақымен жүргендер бар екенін айтқан ол Қаржы министрінің мәлімдемесіне наразылығын білдірді. 

Мұндай әңгіме жүріп жатқанынан бәрінің хабары бар. Бірақ министрдің солай айтқанын түсіне алмадық. Бізге қарсы шығып отыр ма, білмедік. Егер ендігі жылда қаражат көлеміне байланысты зейнетақы төлемі заң бойынша жүретінін айтса, біз де жынды емеспіз, түсінер едік. Алайда оның «хабарсызбыз» деуі дұрыс емес. Қаражаттың заң қолданысқа енгізілгеннен кейін ғана бөлінетінін бәріміз біліп отырмыз. Бірақ, «талқыланып жатқан жоқ» дегені басқа мағына. Сонда бәрін біліп тұрып олай айтуға қандай қақы бар? - дейді Жанар Жібегенова.

Белсенділердің айтуынша, шілденің 7-күні министр Тамара Дүйсенова мен вице-министр Ералы Тоғжанов белсенді топпен кездесетін болған. Бұл мәселе сол жерде де көтерілетінін жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама