×

«Қазақстан Барысы» турнирінің финалы Астана күніне орай өтетін болды

Айбек Нұғымаров спорттық мансабын аяқтағанын ресми түрде жариялады

 Еркеғали Болатұлы 27.06.2022 | 09:28
фото: ашық дереккөз

Астана күніне орайластырылған қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» ХІ республикалық турнирі 3 шілде күні «Барыс-Арена» мұз сарайында өтеді. Бұл туралы Қазақстан Барысының Facebook-тегі парақшасында хабарланды.

Дәстүрлі турнир елімізде ұлттық спортты дамыту арқылы саламатты өмір салтын насихаттау, Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығын атап өту, қала күнін мерекелеу және балалар жылы аясында жастарды ұлттық спортпен шұғылдануға тарту, олардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру мақсаттарын жүзеге асырады.

Жарыс ережесіне сәйкес сәуір-мамыр айларында ауыл, аудан, облыстық (қалалық) деңгейдегі және күштік құрылымдар желісі арасында іріктеу жарыстары толығымен өтіп, оған еліміз бойынша 5 мыңға жуық спортшы қатысты. Соның ішінен 36 балуан ақтық сынға жолдама алды. Олардың ішінде бұған дейін жеңіс тұғырынан көрінген Мұхит Тұрсынов, Еламан Ерғалиев, Ерасыл Қажыбаев, Ғалымжан Қырықбаевтар бар.

2021 жылдың жеңімпазы Дәурен Нұралинов жарақатына байланысты турниге қатыспайтынын мәлімдеді. Сондай-ақ екі дүркін «Қазақстан Барысы» атанған Айбек Нұғымаров спорттық мансабын аяқтағанын ресми түрде жариялады.

Турнирді Мәдениет және спорт министрілігі және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен «Qazaqstan Barysy» қоры мен Qazaq kuresi ассоциациясы ұйымдастырады.

Қазақ күресі ережесіне енгізілген өзгертулерге байланысты биылғы турнир «бүк» ұпайынсыз өтеді.

«Қазақстан Барысы» турнирінің жүлде қоры әдеттегідей, жеңімпаз балуанға 25 млн теңге және алтын белбеу мен ауыспалы алтын «тайтұяқ» табысталады. Екінші орын иегері 5 млн 500 мың теңге және үшінші орын иегері 1 млн 800 мың теңге, сәйкесінше күміс және қола белбеулермен марапатталады.

Жанкүйерлер турнирді Qazsport арналары арқылы тікелей эфирден көре алады. Билеттер zakazbiletov.kz сайтында сатылымда. Ресми салмақ өлшеу рәсімі 1 шілдеде сағат 19.00-де «Хан Шатыр» СОСО-ға белгіленіп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама