×

Қазақстандықтар интернет-саудаға қатысты 772 шағым түсірген

Бұл жалпы келіп түскен шағымның 8,3% құрайды

 Қанат Атаманов 16.06.2022 | 21:00
Фото: ашық дереккөздерден

Сауда және интеграция министрлігі тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Серік Құсайынов қазақстандықтардан электрондық сауда бойынша қандай арыз-шағымдар жиі түсетінін мәлім етті,

Электрондық саудаға қатысты шағымның дені тауар және сатушы туралы ақпараттың болмауы, тауардың берілген сипаттамаға сәйкес келмеуі, интернет-сайттардың тауарды кері алып, ақшаны қайтарудан бас тартуына қатысты. Сондай-ақ, электрондық сауда бойынша алаяқтық фактілерге қатысты шағымдар да бар. 2022 жылғы бес айдың ішінде 772 өтініш немесе шағым келіп түсті. Бұл жалпы келіп түскен шағымның 8,3% құрайды, - деді Серік Құсайынов Egov.kz порталында өткен интернет конференцияда тұтынушылардың сұрағына жауап бере отырып.

Оның айтуынша, тұтынушылардан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты да шағымдар түседі.

«Өтініштер мен шағымдар коммуналдық қызметтердің сапасыз көрсетілуі, тарифтерді негізсіз көтеру, электр энергиясын есептеу құралдарын заңсыз тексеру және ауыстырумен байланысты. Сонымен қоса электр желілерін заңсыз алу және газ тарату компанияларына қатысты шағымдар жиілеп кетті. Биылғы 5 айда аталған сала бойынша 454 өтініш немесе шағым түсті. Бұл жалпы шағымның 5% құрап отыр. Ал өткен жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына қатысты 408 өтініш-шағым түскен еді», - дейді комитет басшысының орынбасары.

Жалпы тұтынушылардан келіп түсетін өтініш пен шағым 2021 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2% азайған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама