Мемлекет басшысы Қарағанды облысында жұмыс сапарымен жүр
Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барып, Теміртау қаласындағы Qarmet металлургиялық комбинатын аралады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Президент жылына 3,8 миллион тонна шойын өндіретін №3 домна пешінің жұмысымен танысты. «Qarmet» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев пен кәсіпорынның бас директоры Вадим Басин өндірісті дамыту үшін атқарылған және іске асырылып жатқан жобалар жөнінде баяндады. Бұл мақсатқа 3,5 миллиард доллардан астам қаржы қарастырылған. Бұдан бөлек 500 миллион доллар шамасында Көмір департаментіндегі және 978 миллион доллар көлемінде Темір рудасы департаментіндегі жобаларға қосымша инвестиция құю жоспарланған.
Кәсіпорын ғимараттар мен нысандарға ауқымды жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Биылғы жаңғырту бағдарламасына 100-ден астам нысан енген. 50 мың шаршы метр шатыр ауыстырылып жатыр. Сонымен қатар бұған дейін қабылданған «Тазалық» бағдарламасына сәйкес 120 санитариялық-тұрмыстық ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізіле бастады, – делінген Ақорда хабарламасында.
Мемлекет басшысына сляб пен блюм шығаратын №2 конверторлық цех пен металл әзірлемелерін үздіксіз құю машинасының жұмысы таныстырылды. Кәсіпорын басшылығы бүгінде мекеменің техникалық жағдайын бабында ұстап тұру, жөндеу жүйесін, сондай-ақ кристалдандырғыш айналым жүйелері мен барлық машина сегменттерін жетілдіру басты міндет екенін атап өтті. Келесі жылы басқару және гидравлика жүйелерін жаңғырту жұмыстары атқарылмақ.
Еске сала кетсек, Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының жаңа қожайыны анықталып, мекменің атауы өзгерген болатын. Аталмыш шахтада адам өлімімен аяқталған бірнеше қайғылы оқиғалар болды. Нақты айтқанда, 28 қазанда түнгі сағат 02:33-те Қарағанды облысының Костенко шахтасында жарылыс болып, 46 кенші қаза тапқан еді. Осыған байланысты елімізде 29 қазан Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Сондай-ақ Костенко шахтасында қаза тапқан кеншілердің толық тізімі жарияланған болатын.