Halyq Uni логотип
×

Арыстанбек Мұхамедиұлына тиесілі спорт мектебі мемлекетке қайтарылды

Білім беру мекемесінің құны – 1,2 млрд теңге

 Динара Амантай 19.07.2024 | 11:14
Арыстанбек Мұхамедиұлына тиесілі спорт мектебі мемлекетке қайтарылды
Фото: Halyq Uni

Экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлына тиесілі Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты Жетісу ауданы прокуратурасының талап-арызын қанағаттандырып, құны 1,2 млрд теңге болатын мемлекеттік мүлікті қайтарды. 17 шілдеде аталмыш соттың Су және қолданбалы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебін сату жөніндегі мәмілені жарамсыз деп тану туралы шешімі заңды күшіне енді.

Cотта анықталғандай, нысан 551 млн теңгеге арзан бағамен заңсыз сатылған.

Мектеп аумағына 7,6 мың шаршы метр болатын әкімшілік ғимараттар, спорт залдары және басқа да құрылыстар, сондай-ақ 4,9 гектар жер кіреді. Бұл мүлікке Арыстанбек Мұхамедиұлымен аффилиирленген азаматтарға тиесілі «Nomad's Land» ЖШС иелік еткен.

АЙта кетсек, Арыстанбек Мұхамедиұлы 2023 жылдың 20 маусымында 8 жылға сотталды. Араға екі апта салып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі экс-министрдің әйелі пара беруге оқталғанын анықтаған. Ал олардың мүддесін қорғаған адвокат Мұстақым Төлеев алаяқтық пен пара беруге итермелеу әрекетін жасады деген күдікке ілінді.

Ол Арыстанбек Мұхамедиұлының жазасын жеңілдету және қамаудан босату үшін экс-министрдің әйелінен сот органдарының лауазымды адамдарына беру үшін пара ретінде 460 мың доллар алған.

2024 жылдың қаңтарында қылмыстық іс сотқа түсті. Арыстанбек Мұхамедиұлы қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі (қылмысқа оқталу) – 367-бабы 4-бөлігі (пара беру) бойынша күдікке ілінген. Әйелі Ғалия Ысқақова 368-баптың 1-бөлігі (парақорлыққа делдал болу), Мұстақым Төлеев 190-баптың 4-бөлігі 2-тармағы (алаяқтық) бойынша сотқа тартылған.

2024 жылдың 13 ақпанында Арыстанбек Мұхамедиұлы мен әйелі Ғалия Ысқақоваға сот үкімі сот үкімі шықты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама