×

Қазақстан астанасында да төтенше жағдай режимі енгізілді

Бұған дейін Алматы қаласы, Маңғыстау және Алматы облыстарында төтенше жағдай жарияланған еді

 Ербол Тұрымбет 05.01.2022 | 16:25
Фото: Shutterstock

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласында төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойды.

Азаматтардың маңызды және тікелей қауіпсіздігіне байланысты қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қалпына келтіру, азаматтар құқығы мен бостандығын қорғау мақсатында 2022 жылдың 5 қаңтардағы 16 сағат 00 минут пен 2022 жылдың 19 қаңтардағы 00 сағат 00 минут мерзімі кезеңінде Нұр-Сұлтан қаласында төтенше жағдай енгізілсін, - делінген жарлықта.

Елордадағы төтенше жағдай кезінде 23 сағат 00 минуттан 7 сағат 00 минутқа дейін коменданттық сағат енгізіледі.

Қала коменданты болып Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің бастығы Ержан Сапарбекұлы Сәденов тағайындалды.

Төтенше жағдайдың күшінде болуы кезеңінде мынадай шаралар мен уақытша шектеулер белгіленеді:

  • қоғамдық тәртіптің сақталуы, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектілердің, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін және көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілердің күзетілуі күшейтілсін;
  • Нұр-Сұлтан қаласында жүріп-тұру, оның ішінде көлік қозғалысының еркіндігіне шектеулер белгілесін;
  • жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеру, оларды жеке тексеру, олардың заттарын, көлік құралдарын тексеру қамтамасыз етілсін;
  • Нұр-Сұлтан қаласына кіру, сондай-ақ одан шығу шектелсін;
  • бейбіт жиналыстарды, ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынсын;
  • ереуілдерге және заңды тұлғалардың қызметін тоқтата тұрудың немесе тоқтатудың өзге де әдістеріне тыйым салынсын;
  • қару, оқ-дәрі, жарылғыш заттар, арнаулы құралдар, улы заттар сатуға тыйым салынсын, дәрі-дәрмектің, есірткі заттардың, психотроптық заттардың, прекурсорлардың, сондай-ақ этил спиртінің, алкоголь өнімдерінің айналымына ерекше режим белгіленсін;
  • жеке тұлғалардан қару мен оқ-дәріні, улы заттарды уақытша алып қою, ал заңды тұлғалардан қаруға, оқ-дәріге және улы заттарға қоса әскери және жауынгерлік оқу техникасын, жарылғыш және радиоактивті заттарды уақытша алып қою қамтамасыз етілсін.
  • Төтенше жағдайдың режимі кезінде қолданылатын шаралардың іске асырылуына жауапты болып Нұр-Сұлтан қаласының комендатурасы, ҚР Ішкі істер министрлігі, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ҚР Қорғаныс министрлігі, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі белгіленсін.
  • ҚР Бас прокуроры осы жарлықта белгіленген шаралар мен уақытша шектеулерді іске асыру кезінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етсін.
  • ҚР Үкіметі төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету үшін Үкімет резервінен қажетті қаражатты бөлсін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама