×

«Бағаны реттеу керек». Премьер міндетін атқарушы Әлихан Смайылов алғашқы тапсырмасын берді

Премьер-министрдің міндетін атқару Әлихан Смайыловқа жүктелді

 Халық үні 05.01.2022 | 14:00
фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-министрінің міндетін атқарушы Әлихан Смайылов елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал жөніндегі кеңесте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған міндеттерін іске асыру бойынша бірқатар тапсырма берді.

Ә.Смайылов Газ саласын дамытудың кешенді жоспарын пысықтауды және Маңғыстау облысында сұйытылған газ өндіретін зауыт құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесіне мемлекеттік сараптама жүргізуді жеделдетуді тапсырды.

Сұйытылған газ сауда-саттығын ұйымдастыру мен жүргізудің қолданыстағы қағидаларын пысықтау, сұйытылған газды электрондық сауда алаңы арқылы өткізуге толық көшуді бір жылға ауыстыру.

Тиісті мемлекеттік органдар сұйытылған газды өткізу кезінде бағалық сөз байласу және өзге де бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттерге қатысты тергеу жүргізсін. Батыс өңірлер – Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарын дамытудың кешенді жоспарлары өзектендірілсін, - деді Ә.Смайылов.

Премьер-министрдің міндетін атқарушы сұйытылған газ, бензин және дизель бағаларын 180 күн мерзімге мемлекеттік реттеуді енгізу бойынша тиісті нормативтік актіні қабылдауды тапсырды.

Мүдделі мемлекеттік органдарға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын мемлекеттік реттеу тетігін енгізу бойынша қажетті шаралар қабылдау тапсырылды.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму, ұлттық экономика, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін қайталама тұрғын үйге жалдау ақысын субсидиялау мәселесін пысықтап, Үкіметке ұсыныстар енгізуі тиіс.

Қаржы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң жобасын әзірлеу тапсырылды.

Денсаулық сақтау, білім және ғылым министрліктері денсаулық сақтау мен балалар проблемаларын шешу үшін «Қазақстан халқына» қоғамдық қорын құруды қамтамасыз етсін.

Мемлекет басшысы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру бойынша жоғарыда аталған шараларды кідіріссіз қабылдауды тапсырды, - деді Ә.Смайылов.

МИТИНГ НЕДЕН БАСТАЛДЫ

2 қаңтарда Маңғыстау облысының тұрғындары шеруге шықты. Бұған автокөлікке құятын газ құнының литріне 120 теңгеге дейін қымбаттауы себеп болды. Наразылық білдірушілер бағаны 50 теңгеге дейін төмендетуді талап етті. Арнайы құрылған үкіметтік комиссия белсенділермен келіссөз жүргізіп, бұл талап орындалады деп уәде берді.

Маңғыстау облысында басталған акциялар елдің өзге өңірлерінде де жалғасты. 4 қаңтарда кешке жағдай күрделеніп, Алматыдағы наразылық соңы тәртіпсіздікке ұласты. Көшеге шыққандар полиция көліктерін қиратты. Жағдай ушыққан соң қаладағы тәртіп сақшылары көзден жас ағызатын газ қолданды. Шеруге шыққандар үлкен көшелермен жүріп, әкімдік ғимаратына дейін барды. Ол жерді арнайы жасақ қызметкерлері қоршауға алды.

5 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында 5 қаңтар сағат 01:30-дан 19 қаңтар сағат 00:00 кезеңі аралығында төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Кейін Алматы облысында да төтенше жағдай жарияланды.

ҮКІМЕТ ОТСТАВКАҒА КЕТТІ

Ел ішінде наразылық болып жатқанда Мемлекет басшысы қазақстандықтарды арандатушылыққа берілмеуге шақырды.

Іштен және сырттан болған сан түрлі ақпаратқа сеніп, ереуілге салынған топтың құйтырқы әрекеттері мен тәртіпсіздікке ермей, парасатпен және ақылмен ғана шешім қабылдауға шақырамын. Азаматтық және әскери мақсаттағы ғимараттарға шабуыл жасауға үндейтін ұрандар мүлдем заңға қайшы келеді. Бұл – өрескел қылмыстық әрекет. Билік құламайды, бірақ бізге өзара сенім, өзара диалог керек, - деді Тоқаев.

5 қаңтарда Президент үкіметті отставкаға жіберу туралы жарлыққа қол қойды.

Қазақстан Республикасы үкіметінің орнынан түсуі қабылдансын, - делінген Ақорданың сайтында жарияланған құжатта.

Қазақстан премьер-министрі міндеттерін уақытша атқару Әлихан Смайыловқа жүктелді.

Үкімет мүшелері үкіметтің жаңа құрамы бекітілгенге дейін өз міндеттерін атқаруды жалғастыра береді.

Еліміздегі жағдайға байланысты тағы бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама