×

Алматы облысында төтенше жағдай енгізілді

Бұған дейін Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай жарияланған болатын

 Халық үні 05.01.2022 | 13:00
фото: ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысында төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойды. 

Жарлыққа сәйкес,азаматтардың маңызды және тікелей қауіпсіздігіне байланысты қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қалпына келтіру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында 2022 жылғы 5 қаңтардағы 12 сағат 30 минут пен 2022 жылғы 19 қаңтардағы 00 сағат 00 минут мерзімі кезеңінде Алматы облысының шекараларында төтенше жағдай енгізілді.

Алматы облысында төтенше жағдайдың күшінде болуы кезеңінде 23 сағат 00 минуттан 7 сағат 00 минутқа дейін коменданттық сағат енгізілді.

Төтенше жағдай кезеңінде Алматы облысының комендатурасы құрылып, оның коменданты болып Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Серік Мырзақұлұлы Күдебаев тағайындалды. Сондай-ақ облыс аумағында төтенше жағдайдың күшінде болуы үшін уақытша шектеулер енгізілді:

  • қоғамдық тәртіптің сақталуы, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектілердің, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін және көлік қызметінің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін объектілердің күзетілуі күшейтіледі;
  • Алматы облысында жүріп-тұру, оның ішінде көлік құралдары қозғалысының еркіндігіне шектеулер белгіленеді;
  • жеке тұлғалардың жеке басын куәландыратын құжаттарды тексеру, оларды жеке тексеру, олардың заттарын, көлік құралдарын тексеру қамтамасыз етіледі;
  • Алматы облысына кіру, сондай-ақ одан шығу шектелеледі;
  • бейбіт жиналыстарды, ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынады;
  • ереуілдерге және заңды тұлғалардың қызметін тоқтата тұрудың немесе тоқтатудың өзге де әдістеріне тыйым салынады;
  • қару, оқ-дәрі, жарылғыш заттар, арнаулы құралдар, улы заттар сатуға тыйым салынсын, дәрі-дәрмектің, есірткі заттардың, психотроптық заттардың, прекурсорлардың, сондай-ақ этил спиртінің, алкоголь өнімдерінің айналымына ерекше режимі белгіленседі;
  • жеке тұлғалардан қару мен оқ-дәріні, улы заттарды уақытша алып қою, ал заңды тұлғалардан қаруға, оқ-дәріге және улы заттарға қоса әскери және жауынгерлік оқу техникасын, жарылғыш және радиоактивті заттарды уақытша алып қою қамтамасыз етіледі.

МИТИНГ НЕДЕН БАСТАЛДЫ

2 қаңтарда Маңғыстау облысының тұрғындары шеруге шықты. Бұған автокөлікке құятын газ құнының литріне 120 теңгеге дейін қымбаттауы себеп болды. Наразылық білдірушілер бағаны 50 теңгеге дейін төмендетуді талап етті. Арнайы құрылған үкіметтік комиссия белсенділермен келіссөз жүргізіп, бұл талап орындалады деп уәде берді.

Маңғыстау облысында басталған акциялар елдің өзге өңірлерінде де жалғасты. 4 қаңтарда кешке жағдай күрделеніп, Алматыдағы наразылық соңы тәртіпсіздікке ұласты. Көшеге шыққандар полиция көліктерін қиратты. Жағдай ушыққан соң қаладағы тәртіп сақшылары көзден жас ағызатын газ қолданды. Шеруге шыққандар үлкен көшелермен жүріп, әкімдік ғимаратына дейін барды. Ол жерді арнайы жасақ қызметкерлері қоршауға алды.

5 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында 5 қаңтар сағат 01:30-дан 19 қаңтар сағат 00:00 кезеңі аралығында төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойды.

ҮКІМЕТ ОТСТАВКАҒА КЕТТІ

Ел ішінде наразылық болып жатқанда Мемлекет басшысы қазақстандықтарды арандатушылыққа берілмеуге шақырды.

Іштен және сырттан болған сан түрлі ақпаратқа сеніп, ереуілге салынған топтың құйтырқы әрекеттері мен тәртіпсіздікке ермей, парасатпен және ақылмен ғана шешім қабылдауға шақырамын. Азаматтық және әскери мақсаттағы ғимараттарға шабуыл жасауға үндейтін ұрандар мүлдем заңға қайшы келеді. Бұл – өрескел қылмыстық әрекет. Билік құламайды, бірақ бізге өзара сенім, өзара диалог керек, - деді Тоқаев.

5 қаңтарда Президент үкіметті отставкаға жіберу туралы жарлыққа қол қойды.

Қазақстан Республикасы үкіметінің орнынан түсуі қабылдансын, - делінген Ақорда сайтында жарияланған құжатта.

Қазақстан премьер-министрі міндеттерін уақытша атқару Әлихан Смайыловқа жүктелді.

Үкімет мүшелері үкіметтің жаңа құрамы бекітілгенге дейін өз міндеттерін атқаруды жалғастыра береді.

Еліміздегі жағдайға байланысты тағы бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама