×

Көкпардан республикалық чемпионатта Жамбыл облысының командасы жеңіске жетті

«Әулие ата» командасы көкпардан Қазақстанның 14 дүркін чемпионы болды

 Динара Амантай 27.04.2024 | 15:46
Фото: Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының баспасөз қызметі

Қызылордада өткен көкпардан ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының XXIII чемпионатында Жамбыл облысының командасы жеңіске жетті. Осылайша, Жамбыл облысының «Әулие ата» командасы көкпардан Қазақстанның 14 дүркін чемпионы атанды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Жамбылдық команда финалда Алматы облысының командасын 7:1 есебімен ойсырата жеңді. 40 минутқа созылған бұл кездесуде жамбылдық шабандоз Құрманбек Тұрғанбек үш салым салып, мықтылығын дәлелдеді.

Ал қола жүлде үшін болған тартыста түркістандық шабандоздар Қостанай облысының көкпаршыларын қапы қалдырды. Есеп 7:6, 1 ұпай айырмашылығымен Түркістанның «Тұран» командасы 3-орынды иеленді.

Алматы облысының командасы керемет дайындалып келген. Көкпаршылары да, аттар да мықты. Ұлттық құраманың негізгі мүшелері де сол жерде. Бізге де оңай түскен жоқ. Жартылай финалда Түркістан облысы азулы қарсылас болды, – деді Әулиеата көкпар командасының көкпаршысы Есжан Құрманбай.

Ұлттық және ат спорт түрлерінен мемлекеттік жатықтырушы Нүркен Байбөриевтің айтуынша, осы чемпионатқа 16 команда қатысқан.

Бір қуантарлығы, жылдан жылға командалардың кәсіби деңгейі өсіп, шеберліктері шыңдалып келеді. Биыл қатарымызға тағы екі команда қосылды. Олар - жаңадан құрылған Абай облысы мен Қорғаныс министрлігі Орталық армия спорт клубының командасы, - деді ол.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Көкпар федерациясының президенті Бауыржан Исабаев, Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаев, Ұлттық және ат спорты орталығының директоры Бақдәулет Сәбитов марапаттады.

Қызылордада өткен көкпардан ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының ХХІІІ чемпионатына еліміздің 15 өңірінен 300-ге жуық спортшы қатысты. Атап айтқанда, көкпарға Абай, Ақмола, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Қостанай, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Жетісу облыстарының, Астана және Шымкент қалаларының құрама командалары, сондай-ақ Орталық армия спорт клубының командасы қатысты.

Еске сала кетсек, Республикалық көкпар федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді.  Қауымдастық құрамында бұдан өзге бәйге, аударыспақ, теңге ілу, садақ ату, жамбы ату, құсбегілік, асық ату, «JORYQ» ат спорты және т.б. федерациялар бар. Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама