×

Алматыда кітап кофеханасы ашылды (ВИДЕО)

Қоғамдық орын бір мезетте 50 адамға дейін қабылдай алады

 Дастан Жұмабекұлы 24.04.2024 | 13:46
Фото: facebook.com/mukan.shynggys

Алматыда Халықаралық кітап күніне орай Mazmundama баспасы кітап кофеханасын ашты.

Қоғамдық орын бір мезетте 50 адамға дейін қабылдай алады. Ондағы сөрелерге түрлі жанрдағы мыңға жуық оқулық қойылған. Баспа басшысы Шыңғыс Мұханның айтуынша, жобаның мақсаты – тұрғындар арасында кітап оқу мәдениетін насихаттау. Кітапхана мен кофехана қызметін үйлестірген жобаны қала әкімдігі қолдады.

Бұл – алғашқы жобамыз. Егер халықты қызықтырып, сұранысы артатын болса, Алматының басқа жерінен және Қазақстанның басқа өңірінен тағы да кітап кофеханасын ашамыз деп отырмыз. Мақсатымыз кофе сату емес еді... Оқырмандарымыз Mazmundama баспасының барлық кітаптарын таба алатын кітап дүкенін ашқымыз келген. Есептеп көріп едік, таза кітап дүкені өзін ақтай қоймайтын болып шықты. Содан кофехана мен кітап дүкенінің басын қосайық деп шештік. Нәтижесінде ол дүниеге келді. Адамдар күнде кофе сатып алады. Бірақ күнде кітап сатып алмайды. Кофенің арқасында елге білім тарататын кітаптарымыз күн көреді, – деді баспа басшысы.

Сондай-ақ ол болашақта 2050 жылға дейін 500-ге жуық түрлі форматтағы кітап кофеханаларын ашып, әрбір елді мекенге кітап жеткізу керек екенін айтты.

Бұл тұста біз мемлекет міндетінің де үдесінен шығып жатырмыз деп ойлаймыз. Себебі бұл жерде оқырмандар кітап оқып кетсе де болады. Демек мемлекеттен шығын шықпай, кітапхананың да рөлін атқарады. Қазір Coffee Book-те акция болып жатыр. 5 мың теңгеге кітап алсаңыз, кофе тегін. Осы аптаның соңына дейін Mazmundama-ның барлық кітапарын 30% арзанға сатып ала аласыз. Кітап сатып алған адамға кофе тегін. Сондай-ақ онда осы аптаның соңына дейін Mazmundama баспасы кітаптарының бағасын 30% шегеріп сатады, – деді ол.

Баспа басшысы білім таратуды көздеген жаңа бастаманы қолдаған барша оқырманға алғыс айтты.

Coffee Book Жандосов көшесі, 58/1 үйде орналасқан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама