×

Көліктерді тіркеу және жүргізушілерді даярлау қағидаларына түзетулер енгізілді

Жалпы 53 түзету қабылданды

 Динара Амантай 24.04.2024 | 10:56
Фото: Almaty.tv

ІІМ-де көліктерді тіркеу және жүргізушілерді даярлау қағидаларына енгізілген түзетулер туралы айтылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Атап айтқанда, алдымен жоғары сұранысқа ие мемлекеттік нөмірлерді қайта алу жеңілдетілді. Егер жүргізуші басқа аймаққа көшкен болса, онда алдыңғы аймақта алынған жоғары сұранысқа ие нөмірді өзінде қалдыруға болады. Сонымен қатар дәл осындай нөмірлерді жақын туыстарына, яғни ата-анасына, бауырларына, балаларына немесе жұбайына қайта рәсімдей алады. Бұл түзетулер осыған ұқсас жағдайларға тап болған азаматтардың өтініштерін ескере отырып ұсынылды.

Екіншіден, көлікті тіркеу процесін жеңілдету үшін оның техникалық сипаттамалары бойынша бірқатар қағаз құжаттардан бас тартылды. Қазақстанда көлікті бастапқы тіркеу кезінде бұл құжаттар мемлекеттік органдардың дерекқорынан электронды түрде алынады. Сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді алу кезінде алаяқтық әрекеттерді болдырмау мақсатында автокөліктерді сату-сатып алу келісімін нотариалды куәландыру бойынша талап қайтарылды. Дәл осы мақсатта көлікті бастапқы тіркеу немесе кузовты ауыстыру, қайта жабдықтау немесе оның түсін ауыстыру барысында міндетті түрде криминалистер тарапынан көліктің тексерілуі енгізілді.

Бұдан басқа, «А», «В» санатындағы жеңіл көліктер мен мотоциклдерге жүргізу куәлігін алу үшін міндетті түрде көлік мектептерінде оқудан өту қажет. Олар – көліктердің ең көп таралған түрлері. Талдау көрсеткендей, жол-көлік оқиғаларына осы көліктердің жүргізушілері жиі түседі. Сондықтан оларды жүргізу үшін кешенді теориялық және практикалық даярлықтан өту керек.

Жалпы 53 түзету қабылданды. Олар биыл 23 сәуірден бастап күшіне енді.

Құрметті азаматтар! Аталған түзетулер ең алдымен сіздің қауіпсіздігіңізді қамтамасыз етуге, сондай-ақ азаматтарға полиция тарапынан көрсетілетін қызметтердің сапасын көтеруге бағытталған, – деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама