×

Қазақстанда 13,5 мың шетел азаматы заңды жұмыс істеп жүр

Қазір елде ШЖК пайдаланатын 1 728 жұмыс беруші бар

 Динара Амантай 24.04.2024 | 09:37
Фото: gov.kz

2024 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 13 мың 536 шетел азаматы еңбек етеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Шетел жұмыс күшін тартуға рұқсаттардың арасында бірқатар санат бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 605 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 793 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады. Тиісінше олар – 5 914 және 570 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 2 458 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 1 196 адам тартылды.

Қазір Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 728 жұмыс беруші бар. Оларда 459 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл – қызметкерлердің жалпы санының 99,2%-ы.

Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 4 297 адам (31,7%), әкімшілік және көмекші қызметтер – 1 629 (12%), ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1 482 адам (10,9%), тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 285 адам (9,4%), өңдеу өнеркәсібі – 1 248 адам (9,2%), кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 797 адам (5,9%).

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 4 011 адам (29,6%), Өзбекстан – 1 577 адам (11,6%), Үндістан – 1 187 адам (8,7%), Түркия – 1 058 адам (7,8%).

Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота белгілейді және бөледі. 2024 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,23% немесе 22 мың мөлшерінде белгіленді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама