×

Биыл жемқорлыққа қатысты 500-ге жуық қылмыс тіркелді

Антикор су тасқынын жою бойынша бюджет қаражатын бөлуде мониторинг жүргізу мәселелерін талқылады

 Динара Амантай 18.04.2024 | 10:41
Фото: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Асхат Жұмағалидың төрағалығымен биылғы 1 тоқсан қорытындысы бойынша жедел мәжіліс өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мәжілісте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің құзыретіне кіретін мәселелердің кең ауқымы талқыланды. Органның жұмысы өңірлердің халқын толғандыратын жүйелі проблемаларды шешуде алдын алу және профилактикалық құрамдас бөлікке бағдарланған. Мемлекеттік сатып алу мониторингі, бюджет қаражатын тиімді жұмсау, сондай-ақ «цифрлық теңге» арқылы «ақшаны бояуды» енгізу жөніндегі жұмыс жалғасатын болады.

Өткен кезеңде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдарымен 69 талдау және мониторинг жүргізіліп, жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша 565 ұсынымдар мен ұсыныстар енгізілді. Алдын алу шараларының, оның ішінде жемқорлыққа қарсы еріктілердің арқасында 17 млрд теңгеден астам қаражатты негізсіз пайдалануға жол берілмеді.

Агенттік басшылығы тарапынан өңірлерге жемқорлық тәуекелдерінің картасын іске асыру, «Бизнеске жол» жобасы шеңберінде бизнес проблемаларын азайту, проблемалық, әлеуметтік маңызы бар объектілердің құрылысын мониторингтеу мәселелері бойынша тапсырмалар берілді. 1 тоқсанда 43 проблемалық кейс бойынша 5 мыңға жуық кәсіпкердің құқығы қорғалды. Мәжіліс барысында аумақтық бөлімшелердің жедел тергеу қызметі талданып, залалды өтеу және активтерді қайтару бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі бағаланды.

Биыл Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 488 қылмыстық құқықбұзушылықты тіркеді. Сыбайлас жемқорлық жасауда 296 адам әшкереленді. Оның 59-ы – әртүрлі деңгейдегі басшылар. Аяқталған қылмыстық істер бойынша 188 млрд теңгеден астам шығын өтелді.

Агенттіктің барлық бөлімшелерінің жұмысында әлеуметтік қолдау, білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй және жол құрылысы, инфрақұрылымды дамыту сияқты аса маңызды салалардағы жемқорлық көріністерін жою және жолын кесу маңызды болып қала береді. Бұл ретте күн тәртібін ескере отырып, агенттік төрағасы Асхат Жұмағали өңірлерде су тасқынына қарсы іс-шараларға бөлінетін бюджетті мониторингтеу қажеттігіне ерекше назар аударды. Қаражаттың мақсатты және тиімді бөлінуін қатаң бақылау міндеті бірінші орынға қойылды.

Орталық және өңірлік бөлімшелердің басшылары салдарларды жою кезінде бюджетті жымқыруға жол бермеуге, сондай-ақ мемлекеттік қолдау қаражатын бөлу кезінде кез келген теріс пайдалану мен айла-шарғы жасаудың жолын кесуге бағдарланған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы азаматтарға келтірілген залалды өтеуге байланысты алаяқтық пен бопсалаудың ықтимал фактілері бойынша тұрғындардан өтініштер мен хабарламаларды тәулік бойы қабылдауды қамтамасыз етуді тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама