×

Арменияда қыпшақ тіліндегі қолжазбалар жинағы басылып шығады

Матенадаран қорынан Орталық Азия және Қазақстан тарихына қатысты 40 көне еңбектің көшірмелері алынды

 Дастан Жұмабекұлы 15.04.2024 | 15:56
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Арменияға ресми сапары аясында Ұлттық жиналыс төрағасы Ален Симонянмен бірге Месроп Маштоц атындағы Матенадаран көне қолжазбалар ғылыми-зерттеу институтына барды.

Мемлекет басшысы әлемдегі ең ірі қолжазбалар қорының бірі саналатын мекеменің жұмысымен танысып, көне мәтіндерді қарады.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевқа ғылыми-зерттеу институтында сақтаулы тұрған қыпшақ қолжазбалары көрсетілді. Соңғы жылдары армян ғалымдарының көмегімен Матенадаран қорынан Орталық Азия және Қазақстан тарихына қатысты 40 көне еңбектің көшірмелері алынды. Биыл институт қыпшақ тіліндегі қолжазбалар жинағын шығаруды жоспарлап отыр.

Матенадаран ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілген әрі армян халқының ұлттық ескерткіштері сақталған маңызды мекемелердің бірі саналады. Институт – Армения мақтаныштарының бірі.

Одан бұрын сапар аясында Қазақстан президенті Еревандағы Парламент ғимаратында Армения Республикасы Ұлттық жиналысының төрағасы Ален Симонянмен кездесу өткізді. Мемлекет басшысы Армения мен Қазақстан арасында тығыз қарым-қатынас орнағанын және екі елді ортақ тарих пен ежелгі мәдени байланыстар біріктіретінін атап өтті.

Президенттің айтуынша, премьер-министр Никол Пашинянмен жүргізілген келіссөздер кезінде сауда-экономика, инвестиция, көлік-логистика салаларында маңызды келісімдерге қол қойылды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл келісімдерді заңнамалық тұрғыдан тиімді қамтамасыз ету, олардың іске асырылуына Парламенттер тарапынан бақылауды күшейту мәселесіне айрықша мән беру қажет екеніне назар аударды.

Кездесуде мемлекет басшысы елімізде өзінің бастамасымен ауқымды саяси жаңғыру үдерісі жүргізіліп жатқанын, онда парламентаризмді дамытуға ерекше басымдық берілгенін айтты.

Қазақстан президенті заң шығару органдары деңгейіндегі белсенді ықпалдастыққа көңілі толатынын жеткізді. Сондай-ақ екі елдің осынау маңызды бағыттағы қарым-қатынастарын дамытуды тұрақты түрде қолдап келе жатқаны үшін Ұлттық жиналыс төрағасына ризашылық білдірді.

Өз кезегінде Ален Симонян Армения мен Қазақстан арасындағы көпжақты және екіжақты форматтағы өзара ынтымақтастық деңгейі жоғары екенін атап өтті. Сондай-ақ ол екі елдің парламентаралық платформалардағы ықпалдастығының маңызына ерекше назар аударды.

Әңгіме барысында мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты дамыту, Қазақстан мен Армения аймақтары арасындағы байланыстарды нығайту перспективалары қарастырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама