×

Ұлытау облысында шетелдік инвесторға кедергі келтірген лауазымды адамдар жауапқа тартылды

Фискалдық орган оның банктік шоттарын негізсіз бұғаттаған

 Динара Амантай 12.04.2024 | 11:05
Фото: gov.kz/ Қарағанды облысының прокуратурасы

Ұлытау облысының прокуратурасы шетелдік инвестордың үш түрлі саладағы проблемалық мәселелері бойынша құқығын қорғады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, Mezgilder Qushteri ЖШС құны 75 млрд теңге болатын жел станцияларын салу жобасын іске асырып жатыр.

Бірінші жағдайда, компанияның нақты тіркелген мекенжайы бойынша кеңсесі болғанына қарамастан, фискалдық орган оның банктік шоттарын негізсіз бұғаттап, сотқа заңды тұлғаны мемлекеттік қайта тіркеудің күшін жою туралы талап қойған. Бұл оның жұмысын тоқтатып, инвестициялық жобаны іске асырудың кешеуілдеуіне әкеп соққан.

Прокуратураның қадағалау актісі бойынша талап-арыз қайтарылып, инвестордың бұзылған құқығы қалпына келтірілді және кінәлі лауазымды адамдар жауапқа тартылды.

Екінші жағдайда, инвестор өткен жылдың қазанынан бастап экологиялық рұқсат ала алмай келген. Экология департаменті жобада жел станцияларының бөлшектерін жою полигонының болмауына байланысты рұқсат беруден бас тартқан. Мұндай полигонды орналастыру ұлттық заңнамамен реттелмеген.

Прокуратура инвесторға бұл мәселе заңмен реттелгенге дейін қауіпті қалдықтарды жою, қауіпсіз сақтау немесе көму бойынша міндеттемелерді қабылдауды ұсынды. Жел станциясының бөлшектері істен шыққан жағдайда ғана қауіпті қалдықтар ретінде танылады. Прокуратура ұсынысымен департамент келісіп, қысқа мерзімде инвесторға тиісті рұқсат берілді.

Үшінші жағдайда, инвестор жыл басынан бері құрылыс жұмыстарын бастау үшін «Жезқазған-эйр» АҚ шешімімен құрылған тұрақты комиссияның рұқсатын ала алмай келген. Жел турбиналарының радиолокациялық кедергілері жергілікті әуежайдың қалыпты жұмысына кедергісін келтіретіндіктен рұқсат беруден бас тартылған.

Алайда прокуратура инвесторға жел турбиналарының құрылысын басқа жерге ауыстыруды ұсынып, «Жезқазған-эйр» АҚ-ға өтінішті жедел қарау және оң қорытынды беру туралы хат жолдады. Қазір инвесторға оң қорытынды берілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама