×

Қазақстанда жанар-жағармай шетелдік жүргізушілерге қымбатқа сатылады

Энергетика министрлігі тиісті бұйрық жобасын әзірледі

 Динара Амантай 11.04.2024 | 10:05
Фото: Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі

Ішкі нарықта отын балансын сақтау, сондай-ақ мұнай өнімдерінің ағындары мен көлеңкелі экспортының тәуекелдерін азайту мақсатында Энергетика министрлігі автокөліктің тұтыну көлемі мен шығу тегіне байланысты Аи-92, Аи-93 бензині мен дизель отынына нақтыланған бағалары бар бұйрық жобасын дайындады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қазір бағаны мемлекеттік реттеуге байланысты Қазақстан – Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында жанар-жағармай құны ең төмен ел. Бұл мұнай өнімдерінің басқа елдерге ағындары мен көлеңкелі экспортының жоғары тәуекелдеріне әкеледі.

Бұйрық жобасымен АИ-92 және Аи-93 маркалы бензиннің бағасы литріне 245 теңге деңгейінде белгіленеді деп болжанады. Қазақстан Республикасында берілген жүргізуші куәлігін көрсеткен кезде тәулігіне 100 литрге дейінгі көлемде баға литріне 205 теңге қалпында өзгеріссіз қалады. Қазақстан Республикасында берілген мотоциклдерге, жеңіл, жүк, арнайы, мамандандырылған автокөліктер мен автобустарға жүргізуші куәлігі мен көлікті тіркеу туралы куәлік ұсынылған кезде тәулігіне 300 литрге дейін – литріне 205 теңге көлемінде.

Құжатта дизель отынының бағасы (жазғы, маусымаралық) литріне 315 теңге болады деп болжанады. Қазақстан Республикасында берілген жүргізуші куәлігін көрсеткен кезде тәулігіне 100 литрге дейін литріне 295 теңге; Қазақстан Республикасында берілген жүк, арнайы, мамандандырылған автокөліктер мен автобустарға жүргізуші куәлігін және көлікті тіркеу туралы куәлікті көрсеткен кезде тәулігіне 300 литрге дейін – литріне 295 теңге.

Осылайша, жүргізуші куәлігі мен көлікті Қазақстан Республикасында тіркеу туралы куәлігі бар азаматтар үшін ЖЖМ бағасы өзгеріссіз қалады.

Бұйрықтың жобасы барлық мүдделі тараптардың талқылауы мен ұсыныстары үшін «Ашық НҚА» сайтына жарияланды. Қорытынды шешім мүдделі тараптардың ұсыныстарын ескере отырып, барлық рәсімдер аяқталғаннан кейін қабылданады.

Энергетика министрлігі қазір ЖЖМ қорларын өндіру, тиеу және толықтыру үздіксіз жүргізіліп жатқанын, ішкі нарықта мұнай өнімдерінің едәуір қоры бар екенін, ЖЖМ-мен қамтамасыз ету жағдайы тұрақты екенін хабарлайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама