×

Солтүстік пен шығыста су тасқыны күшеюі мүмкін

Ауа температурасы 20-28 градусқа дейін көтеріледі

 Дәурен Ерболат 10.04.2024 | 12:50
фото: Halyq Uni

Елімізде қардың күрт еруіне байланысты солтүстік пен шығыста су тасқының күшею қаупі сақталады. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК гидрологиялық болжам басқармасының басшысы Серік Ибраев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, жауын-шашын жағдайды ушықтыруы мүмкін. 

Солтүстік және шығыста қауіп (су тасқынының күшеюі – автор) сақталады. Себебі Шығыс Қазақстан облысының солтүстік жартысында, таулы аудандарда және Солтүстік Қазақстан облысында қар жатыр. Жауын-шашыннан соң қар ериді. Сондықтан бұл өңірлерде су басу қаупі сақталады, - деді Серік Ибраев елордада өткен баспасөз мәслихатында.

«Қазгидромет» РМК ұзақмерзімді ауа райы болжамы басқармасының басшысы Жұлдыз Исабекова Қазақстанда күн күрт жылитынын атап өтті.

10-20 сәуір аралығындағы ауа райы болжамына сүйенсек, алдағы 3-5 күнде Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын жауады. Солтүстік, орталық, шығыс өңірлерде кей күндері қатты жауын-шашын болуы мүмкін, - деді ол.

Алдағы 3 күнде батыста, оңтүстік-батыста, оңтүстікте ауа температурасы түнде +5-10 градусқа дейін, күндіз +15-25 градусқа дейін жоғарылайды.

«Сондай-ақ солтүстік, орталық, шығыста түнде ауа температурасы -0-5 градусқа дейін төмендеп, +3-8 градусқа дейін көтеріледі. Күндіз ауа температурасы +3-8 градустан +10-15 градусқа дейін көтеріледі.
15-20 сәуір аралығында еліміздің ауа температурасы біртіндеп жоғарылайды: күндіз +20-28 градус», - деді Жұлдыз Исабекова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама