×

Жамбы атудан Азия чемпионаты өтеді

Чемпионатта сары құрлықтың 14 мемлекетінен келген спортшылар бақ сынайды

 Динара Амантай 10.04.2024 | 10:53
photo @ Мейірбек Тажкуранов

Сәуірдің 14-19 аралығында Шымкентте ересектер арасында тұңғыш Азия чемпионаты өтеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Чемпионатты Туризм және спорт министрлігі, Шымкент қаласының әкімдігі, Ұлттық спорт қауымдастығы, Жамбы ату федерациясының қолдауымен Азиялық жамбы ату федерациясы ұйымдастырып жатыр.

  • Бас демеуші – «Самұрық-Қазына» қоры;
  • Бас серіктес – Alageum electric компаниясы;
  • Ақпараттық серіктес – Qazsport телеарнасы;
  • Демеуші – «Спорт қоры» спортты қолдау қоры.

Чемпионатта сары құрлықтың 14 мемлекетінен келген 60 спортшы 4 стиль (жамбы, түркі, азия, мажар стилдері) бойынша жарысқа түседі.

Қатысушы мемлекеттер: Индонезия, Кувейт, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Оман, Өзбекстан, Пәкістан, Ресей, Сауд Арабиясы, Сирия, Тайвань (Қытай туымен), Таиланд және Қазақстан.

Азия чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасы:

  • Ералхан Айкөз – 1998 жылы 5 маусында Түркістан облысының Төле би ауданына қарасты Майбұлақ ауылында дүниеге келген. 2021 жылы Тегерандағы XVI әлем чемпионатының жеңімпазы және күміс жүлдегері;
  • Батыр Бексауыт – 2001 жылдың 8 тамызында Түркістан облысының Төле би ауданына қарасты Майбұлақ ауылында дүниеге келген. 2021 жылы Жастар арасындағы ҚР чемпионатында 1-орын алған;
  • Айтбек Сарыбай – 1998 жылы 30 қаңтарда Түркістан облысының Төле би ауданына қарасты Майбұлақ ауылында дүниеге келген. 2019 жылы Оңтүстік Кореяда өткен XV әлем чемпионатының жеңімпазы және қола жүлдегері;
  • Абзал Тұлыбеков – 1996 жылы 31 қазанда Алматы облысында дүниеге келген. 2018 жылы Жамбы атудан әлем чемпионатының жеңімпазы атанды;
  • Нұрсұлтан Бірлікбаев – 2004 жылы 14 тамызда Алматы облысында дүниеге келген. Моңғолияда өткен әлем чемпионатында Аңшылық трек бойынша 3-орын алған;
  • Ақаділ Пернебай – 2005 жылы 17 қазанда Қызылорда облысында дүниеге келген, 2023 жылы Моңғолияда өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері;
  • Бас бапкер – Елдос Бадашев.

Федерация көрермендерді ұлттық спортқа тарту мақсатында жарысқа келген қала тұрғындары мен қонақтары үшін ұтыс ойындарын ұйымдастырады. Көрермен тек жарысқа келсе болғаны. Шымкент қалалық ипподромға (Алматы тасжолы, 21/24) келген жандарға билет беріліп, 5 күн бойы жарыс арасындағы үзілістерде бағалы сыйлықтар ойнатылады. Билеттер тегін беріледі. Басты сыйлық – бағалы смартфондар.

Жарыс бағдарламасына сәйкес, 14 сәуірде сағат 10:00-де Азиялық жамбы ату федерациясының конференциясы өтеді. Онда сары құрлықтың 10-нан аса федерациясы Азиялық федерацияның мүшелігіне кіреді және алдағы нақты жоспарлар бекітіледі. Конференцияның модераторы – федерация президенті Еркебұлан Ілиясов.

Осы күні кешкі сағат 17:00-де чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімі өтеді.

15 сәуірде мажар стилі, 16 сәуірде азия стилі, 17 сәуірде түркі стилі, 18 сәуірде жамбы стилі бойынша жарыс болады. Соңғы жарыс күні «Тайтұяқ» жүлдесі үшін жеңімпаздар мен жүлдегерлер сынға түседі. Сондай-ақ марапаттау рәсімі болады. Ал 19 сәуірде шетелдік қонақтар Түркістан қаласына экскурсия жасайды.

Байланыс үшін:

  • Райымбек + 7 701 707 07 17;
  • Дана +7 775 899 07 97.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама