×

Спаррингтік турнир: Дулат Бекбауов жаңа салмақта келесі айналымға шықты

Қыздар арасындағы жекпе-жектер де тартысты болды

 Дастан Жұмабекұлы 09.04.2024 | 17:21
Фото: instagram.com/boxingkazakhstan/

Бүгін бокстан Астанада өтіп жатқан спаррингтік турнир одан әрі жалғасты. Шаршы алаңға бірінші болып  63,5 келіде Серік Теміржанов пен Дулат Бекбауовпен жұдырықтасты.

Бұл жекпе-жекке Дулат Бекбауов алғаш рет жаңа салмақта шықты. Ал Серік Теміржанов 2023 жылы Спартакиадада финалға дейін жетіп, Мұхаммедсабыр Базарбайұлыдан 1:4 есебімен жеңілген еді.

Алғашқы раундта Серік Теміржанов үстем болды. Екінші раундта Дулат Бекбауов өзін жинап, тараз басын теңестірді.  Үшінші раунд алма-кезек шабуылмен өтті. Дегенмен, тәжірибелі Бекбауов жеңісті өз уысында сақтап қалды.

Бұл жекпе-жекте әлем чемпионатының күміс жүлдегерлері бокстасты. Серік Теміржанов – 2021 жылы Белградта өткен әлем чемпионатында 57 келіде күміс жүлде алған.

Дулат Бекбауов былтыр Ташкентте өткен әлем чемпионатында 67 келіде күміс медаль иеленген.

Қыздардың спаррингтік жекпе-жегі де тартысты және қызықты болды. Онда бірінші болып рингке 54 келі салмақ дәрежесіндегі боксшылар Жайна Шекербекова мен Ұлжан Сәрсенбек көтерілді. Жартылай финалда екеуі де аянып қалған жоқ. Дегенмен төрешілер шешімімен финалға Ұлжан Сәрсенбек шықты.

Осы салмақтағы жартылай финалда Сымбат Әлиасқар Әнел Сақышпен жұдырықтасты.

Сымбат бірінші раундта жеңіліп жатып, қалған раундтарда қолының ұзындығын пайдаланып, жеңді.

Енді Сымбат Әлиасқар финалда жастар арасындағы әлем чемпионы Ұлжан Сәрсенбекпен кездеседі.

66 келі салмақта Азия ойындарының қола жүлдегері Наталья Богданова тәжірибелі Милана Сафронованы жеңді.

32 жастағы Сафронова әлем чемпионатының қола жүлдегері атанғанына қарамастан, жас әрі бабы мен бағы келіскен Богдановаға қарсылық көрсете алмады.

Наталья Богданова ертең финалдық жекпе-жекте өнер көрсетеді. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама