×

Қызылорда облысында спорт мектептерінің есепшілері ақша жымқырған

Антикор 500 млн теңгеден астам бюджет қаражатын үнемдеді

 Динара Амантай 04.04.2024 | 10:53
Фото: Halyq Uni

Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникация қызметінің алаңында «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасының іске асырылуы» бойынша өткен брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Асылхан Ашиков баяндады.

Қызылорда облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті «Бірыңғай сатып алу терезесі» порталына жүргізілген мониторинг нәтижесімен тапсырыс берушілерге тауарлар мен қызметтердің сатып алу бағаларын қайта қарап, оларды төмендету нәтижесінде шамамен 500 млн теңгеден астам бюджет қаражатын үнемдеді.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасымен барлығы 9 бағыт белгіленген. Олар: жер, жол, олигополиялар, әлеуметтік сала, жылу электро орталықтары, сейсмологиялық қауіпсіздік, бизнес, агроөнеркәсіптік кешені, апаттық және тозығы жеткен тұрғын үйлер.

Өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі аталған картаға енген салалардағы мәселелерін шешу, сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмау үшін тиісті алдын алу жұмыстарын жүргізді: 2-еуі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг және 1-еуі – сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау.

Мәселен, облыстың спорт саласына жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау нәтижесінде салада қаржылық жоспарлаудағы бірқатар жүйелі тәуекел, жекелеген спорт мектептері есепшілерінің шамамен 25 млн теңге бюджет қаражатын жымқырғаны анықталды. Бұл деректер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталды.

Сонымен қатар, спорт саласында 11 адамның жалған дипломмен жұмыс істеп келгендері белгілі болды. Анықталған барлық тәуекелдерді жою үшін әкімдікке 12 ұсыным берілді.

Бұдан бөлек, «Бизнеске жол» жобасын іске асыру қорытындылары айтылды. Жоба аясында жыл басынан бері 32 кәсіпкерлік субъектісінің құқығы қорғалды.

Бүгінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер» жобасы бойынша мақсатты аудитория 110-нан аса еріктілер санымен толығып, атқарылған жұмыс нәтижелері өз жемісін көрсетіп жатыр.

Биыл департамент жалпы 9 әкімшілік құқықбұзушылық туралы (676-бап бойынша 2, 680-бап бойынша 7) хаттама толтырды. Оның ішінде сотпен 2, қысқартылған тәртіппен 7 әкімшілік іс қаралған.

Бұдан бөлек, облыста құрылыстары жүргізіліп жатқан 6 нысан бойынша барлығы 3,8 млрд теңгенің кемшіліктері мен сәйкессіздіктері анықталып, бүгінде 882 млн теңге мөлшерінде материалдық залалдың алды алынды.

Біз өз қызметімізді басқа да мемлекеттік органдармен, қоғаммен және халықпен бірлесіп жалғастыратын боламыз. 1424 Call-орталығымыз азаматтарға тегін ақпараттық-констультациялық қолдау көрсетеді. Кез келген сыбайлас жемқорлық фактілері туралы осы Call-орталыққа, сонымен қатар біздің департаментке немесе департамент басшысының Facebook-тегі парақшасына хабарласа аласыздар. Барлық өтініш біздің тұрақты бақылауымызда, – деп қорытындылады сөзін Асылхан Ашиков.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама