×

Қырғызстан президенті Шетел өкілдері туралы заңға қол қойды

Енді бәрі ашық жұмыс істей бастайды. Бұрынғыдай тәртіпсіздік болмайды, – деді ол

 Дастан Жұмабекұлы 03.04.2024 | 12:31
Фото: president.kg

Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров Шетел өкілдері туралы заңға қол қойды. Бұл құжат мемлекет басшысының ресми сайтында жарияланды.

Коммерциялық емес ұйымдардың, оның ішінде шетелдік коммерциялық емес ұйымдардың филиалдары мен өкілдіктері, сондай-ақ шетел өкілдігінің функциясын атқаратын коммерциялық емес ұйымдар, шетелден, олардың мемлекеттік органдарынан, халықаралық және шетел ұйымдарынан, шетел азаматтарынан, азаматтығы жоқ адамдардан немесе олардың уәкілетті өкілінен ақшалай және өзге де мүлік алатындар қызметінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етуге бағытталған, – деп жазылған онда.

Қырғызстан басшысы жұртшылықты заңнан Facebook-тегі парақшасында да хабардар етті.

Ол аталған заңға қол қойылғанға дейін Қырғызстанда жұмыс істейтін коммерциялық емес ұйымдар 30 жыл бойы еш жерде тіркелмегенін және ешкімге есеп бермегенін, олардың тек банк шоттарын ашып, шетелдік донорлардан ақша алып, оларды өз қалауынша, жеке мақсаттары үшін пайдаланғанын айтты. Осыған байланысты Садыр Жапаров енді бұдан былай коммерциялық емес ұйымдардың басқалар сияқты Әділет министрлігінде тіркелуге тиіс екенін, банк шоттарын ашып, ашық түрде салық төлеп, жұмыс істейтінін атап өтті.

Енді бәрі ашық жұмыс істей бастайды. Бұрынғыдай тәртіпсіздік болмайды, – деді ол.

Еске сала кетсек, наурыз айының соңында жүзден астам коммерциялық емес ұйым мен белсенділер президент Жапаровты даулы заң жобасына қол қоймауға үндеген болатын. Олар заң жобасын қатаң сынаған. Тіпті, Human Rights Watch ұйымы Бішкекті заң жобасын кері қайтаруға шақырған-ды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама