×

Су басқан аймақтарда азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу керек – президент

Мемлекет басшысы Республикалық штабтың отырысын өткізді

 Динара Амантай 01.04.2024 | 13:42
Фото: t.me/aqorda_resmi

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Биылғы қарғын су ауқымы жағынан соңғы 30 жылдағы ең ірі су тасқыны саналған 2012 және 2017 жылдардағы деңгейден асып кетті. Бұл нені білдіреді? Болжам жұмыстары мүлде болмаған. Жағдай салалық мамандардың тапшылығынан туындап отыр. Егер әкімдіктер жыл сайын су тасқынына қарсы жоспарланған барлық іс-шараны тиісті деңгейде іске асырғанда, ауа райы жағдайын ескергеннің өзінде, апаттың салдары мен ауқымы мұншалықты болмас еді. Соған қарағанда, әкімдіктер бұл жұмыстармен айналыспаған. Қазір су тасқынынан төнетін қауіп сейілді деуге келмейді. Сондықтан Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық ұланның, Қарулы Күштердің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің барлық күші мен құралын, оның ішінде кадрлық және техникалық ресурсын барынша жұмылдыру қажет. Сонымен қатар еріктілерді, жәрдем бергісі келетін азаматтарды тарту керек. Алайда ең бастысы – мемлекеттік органдар. Ахуал кез келген сәтте ушығып кетуі мүмкін. Қазіргі басты міндет – адам шығынына жол бермеу. Бұл орайда жіберілген қателіктер мен олқылықтарды ескеруіміз қажет, – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке, құзырлы мемлекеттік органдарға және облыс әкімдеріне бірқатар тапсырма берді.

Су тасқынынан зардап шеккен адамдарға тиісті барлық көмек көрсетілсін. Бұл мақсатқа Үкіметтің және әкімдіктердің резервін ғана емес, «Қазақстан халқына» қорының қаржысын да пайдалану қажет. Осындай жауапты сәтте еліміздегі бизнес өкілдерін халыққа қол ұшын созуға шақырамын. Апаттан зардап шеккен азаматтарға және аймақтарға барынша қолдау көрсету керек. Бұл – дәл қазіргі кезеңде баршаға ортақ міндет. Қарғын судан қатты шығынға ұшыраған батыс аймақтарда ірі кәсіпорындар көп. «Самұрық-Қазына» қорына қарасты компаниялар, жер қойнауын игерушілер бар. Олар халыққа жәрдем беріп, бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіруге атсалысады деп сенемін, – деді мемлекет басшысы.

Президент су басқан аймақтарда әлеуметтік маңызы бар қызметтер мен азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу мәселесіне Үкімет назарын аударды

Су тасқыны мен өртке қатысты жағдай жыл сайын қайталанады. Жауапты органдар мен салалық қызметтердің (Қазсушар, Қазгидромет) жобалау, сараптама жасау жұмыстары нашар ұйымдастырылған. Тиісті шаралар негізінен жағдай орын алғаннан кейін немесе толыққанды болжам жасалмай қабылданады. Сондықтан бізге дағдарыс жағдайларын болжаудың нақты тетігі өте қажет. Цифрлық даму министрлігі Экология, Су ресурстары және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп, жыл соңына дейін барлық ықтимал төтенше жағдайларды (су тасқыны, өрт және т.б.) модельдеуге, тиісті болжамдар, ұсынымдар мен іс-қимыл жоспарын жасауға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе әзірлеуге тиіс. Айтпақшы, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар, алдымен облыстардың әкімдері жазғы маусымға да дайын болуы қажет. Өрт немесе басқа да табиғи апаттардың болуы әбден мүмкін. Қазіргідей қамсыз отырмай, алдын ала әрекет ету керек. Су тасқынын көргенде, көктен түскендей абдырап қалдыңыздар. Осы ретте еліміздің шығыс өңірлеріндегі су тасқынын модельдеу жөніндегі ТЖМ мен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының бірлескен жұмыс тәжірибесін қолдануға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қарғын суды ауыл шаруашылығы қажетіне жарату үшін жоспар әзірлеу және пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды. Оның айтуынша, әкімдіктер еріген қар суын елді мекендерден өзен арналарына немесе тоғандарға бұру жұмыстарын жүргізуі керек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама