×

Жазушы Сәбит Досанов дүниеден озды

Қаламгер қазақ әдебиетінің өркендеп, қанат жаюына елеулі үлес қосты

 Дастан Жұмабекұлы 31.03.2024 | 11:21
Фото: qazaquni.kz

Көрнекті жазушы Сәбит Досанов 84 жасында дүниеден озды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті қаламгер, драматург, «Отан» және «Парасат» орденінің иегері, Мемлекеттік және М. Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтардың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәбит Досановтың дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты.

Сәбит Айтмұханұлы қазақ әдебиетінің өркендеп, қанат жаюына елеулі үлес қосты. Ұлттық проза мен драматургияның дамуына нағыз шығармашыл тұлға ретінде бар саналы ғұмырын арнады. Көркем туындылары сүйікті оқырмандарының тарапынан жоғары бағаланды. Соңына өшпес әдеби бай мұра қалдырған Сәбит Айтмұханұлының жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын, – деп жазылған жеделхатта.

Қаламгер 1940 жылы 12 қаңтарда Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Байғабыл ауылында туған.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.

Еңбек жолын республикалық газет-журналдардан бастаған.

1985-1989 жылдары КСРО Әдебиет қорының қазақ бөлімшесінде директор, 1991-1995 жылдары республикалық халық шығармашылығы және мәдени қызмет көрсету орталығының бас директоры, 1996-1997 жылдары «Қайнар» баспасының бас редакторы қызметтерін атқарды.

Жазушының алғашқы «Қайырлы таң» очерктер мен әңгімелер жинағы 1966 жылы жарық көрді. Бұдан кейін «Соны іздер» әдеби-зерттеу еңбегі жарияланды. Кейін Сәбит Досанов көркем жанрға бет бұрып, «Қыран қалғымайды» (1971) повестер жинағы мен «Тау жолы» (1978), «Екінші өмір» (1981) романдарын жариялады. «Жер тағдыры», «Сексен бестің көктемі», «Адаспаңдар адамдар», «Тотем под чадрой», «Тензор стенного кургана», «Сыңсып ұшқан сыңар аққу» шығармалары жазушыны өмірдің өзекті мәселелерін көтерген, өткір көркем сөз шебері ретінде танытты. Осы аралықта әдеби-зерттеу мәселелеріне қайта оралып, «Қазына» (1984), «Жүректің отын сөндірме» (1988) монографияларын жариялады. Сәбит Досанов соңғы жылдары «Жиырмасыншы ғасыр» (1998), «Аптаның екінші күні» (2003), «Қылбұрау» (2003), «Ұйық» (2005), «Тұйық» (2007) романдары мен «Дүние жалған» (2007), «Жусан исі» (2007) повестер мен әңгімелер жинақтарын жарыққа шығарды. «Дауыл», «Ертең бюро», «Тозақ шеңбері» пьесалары республикалық және облыстық театрлар сахнасында қойылды. «Тау жолы» (1981), «Ақ аруана» (2001), «Жиырмасыншы ғасыр» роман, повестері орыс тілінде, «Ақ аруана» (2007) француз тілінде жарық көрді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама