×

Үкімет үйінің ғимараты мемлекетке қайтарылсын! - жазушы-публицист

Ол мәні мен маңызы жағынан алғанда тарихи архитектуралық ескерткіш

 Дастан Жұмабекұлы 31.05.2022 | 13:42
фото: facebook.com

Жазушы-публицист Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев) Алматыдағы Қазақ-Британ техникалық университеті орналасқан бұрынғы Үкімет үйінің ғимаратын мемлекеттің меншігіне қайтару туралы ұсыныс айтты.

Ол бұрынғы Үкімет үйінің ғимаратында 1990 жылы 25-қазанда Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация, 1991 жылы 16-желтоқсанда Қазақстанның Тәуелсіздігі туралы конституциялық заң қабылданғанын, сондықтан ол мәні мен маңызы жағынан алғанда тарихи архитектуралық ескерткіш болып саналатынын атап көрсетті.  

«Оның құрылысы кеңес-герман соғысының алдында қолға алынғанымен6 соғыс салдарынан жұмыс тоқтап қалған. Құрылыс 1951 жылы қайта қолға алынып, 1957 жылы пайдалануға берілді. Еліміздің мақтанышына айналған әйдік ғимаратта Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі, Министрлер Кеңесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті орналасты. 1980 жылы Орталық Комитет Жаңа алаңдағы ғимаратқа қоныс аударды. Тәуелсіздік қарсаңы мен оның алғашқы жылдарында мұнда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі жайғасты. Ғасырлардың тоғысында бұл орын Алматы облысының әкімшілігіне тиесілі болғаны бар. Шынтуайтында бұл тек алматылықтар ғана емес бүкіл қазақстандықтарға қымбат символдық мекен», - деді ол.

Осы ретте, жазушы қасиетті ғимарат тарихи әділ бағасын алып, жекеменшікте бола бермей, мемлекеттің меншігінде болу керектігін атап өтті. Ол кезінде ғимараттың су тегінге сатылып кеткеніне іші ашитынын айтып, мұндай қателелікке жол берген бұрынғы басшылықты айыптады.

«Ел астанасы Ақмолаға, Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына қоныс аударған тұста бұл ғимарат 2001 жылы түрлі айла-шарғымен аяқ астынан Үкімет қаулысымен Қазақ-Британ техникалық университетіне арзан бағаға беріле салды. Сөйтіп, бұрынғы Үкімет үйі сияқты тарихи ғимарат су тегінге сатылып кетті», - деп, оның мемлекет меншігіне қайтарылуға тиіс екенін айтты.

«Оңтүстік астанада түрлі айла-шарғымен жеке меншікке арзан бағаға сатылып кеткен Үкімет үйі мемлекет меншігіне қайтарылуға тиіс!

Алматы қаласының әкімшілігі осы ғимаратта отыруға лайықты!», - деді жазушы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама