×

Петропавлда құрылыс компаниясы табиғатқа 1 млн теңгеден аса залал келтірген

Тергеу нәтижелері бойынша медиативтік келісім жасалды

 Динара Амантай 19.03.2024 | 16:16
Фото: gov.kz

Облыстың мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы тұрғындардың өтініштері бойынша өсімдіктер мен жануарлар дүниесі туралы заңнама талаптарының сақталуына талдау жүргізді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қарау қорытындысы бойынша, құрылыс компаниясының облыс орталығының жасыл желектерін зақымдау, сондай-ақ уәкілетті орган тарапынан бір жылдан астам уақыт бойы тиісінше күзетпеу және қорғамау фактілері расталды. Петропавл қаласындағы Қазақстан Конституциясы көшесіндегі жасыл желектерге келтірілген залал – 1 млн 86 мың 750 теңге болды.

Елеулі залалға қарамастан, полиция органдары әкімшілік іс жүргізуді қозғау туралы шешім қабылдамаған. Прокуратура мен соттың араласуынан кейін ғана материал сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Одан кейін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 340-бабы 1-бөлігі бойынша («Ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе зақымдау») сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастау туралы шешім қабылданды.

Тергеу нәтижелері бойынша медиативтік келісім жасалып, мемлекетке келтірілген залал толық өтелді. Құрылыс компаниясы қолданыстағы заңнаманың талаптарына сәйкес ағаштарды өтемдік отырғызуды қамтамасыз етеді.

Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының қадағалау актілері бойынша кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Петропавл қаласының дендрологиялық жоспарын әзірлеу бойынша жұмыстар ұйымдастырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама