×

Ринат Зайытов Cенат төрағасына маңызды үш мәселені жеткізді

Билік өкілдерінің мойында батпан жүк, алдарыңызда бірталай жұмыс тұр

коллаж: Halyq Uni

Айтыскер ақын, «Алатау» өнер театрының директоры Ринат Зайытов Instagram-дағы парақшасында Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевпен кездескенін айтты. 

Ол Сенат төрағасына көптен бері ойында жүрген үш мәселені жеткізген. 

«Мамырдағы күтпеген кездесулер тағы да бір лауазымды тұлғаға жолығумен жалғасты. Бұл жолғы кездесуді мен де қатты күткенмін. Себебі қазіргі Сенат төрағасы ұлт пен тілге, дәстүр мен тарихқа өте жақын болуға міндетті. Өйткені ол қазақ әдебиеті мен ақпараттық құралдарының дамуына жарты ғұмырын арнаған Сағат Әшімбаевтың ұлы Мәулен Сағатханұлы Әшімбаев», - дейді ол. 

Ақынның айтуынша, үш мәселе бойынша ғана ой айтуға мүмкіндік болды. 

«Бірінші –Қаңтар оқиғасына қатысқандарға (ұйымдастыру емес) амнистия жариялау. Бұл қазіргі билік пен халықтың түсінісуіне жылдам жеткізетін жол.

Екінші – тіл мәселесі. Әгәрәки шынымен дәл қазір тіл мәртебесін ата заңмен бекіту Қазақстанда да ұлтаралық қақтығысқа әкелуі мүмкін болса, онда әзірге Мемлекеттік тілді дамыту агенттігін құру. Егерде мемлекеттік тілді оқыту, насихаттау, оның мәртебесін өсіру билік тарапынан қадағаланып, қолдау көрсе, онда ары кетсе 3-5 жылда Қазақстан автоматты түрде жаппай қазақ тілінде сөйлейтініне әбден сенемін.

Үшіншісі – бұл менің ең үлкен армандарымның бірі. Алматы қаласының Әл-Фараби көшесінде жаңадан бой көтерген театрды Ұлттық дәстүрлі өнер театры қылу. Тәуелсіздік алғалы ешқандай мардымды қолдау көрмеген ұлттық өнердің төрге шығатын уақыты келді! Бұл ойыммен келіспейтін адам табылса кез-келген уақытта пікір алмасуға дайынмын», - дейді Ринат Зайытов. 

Оның айтуынша, Қаңтар оқиғасынан кейін билік басына елдік пен тәуелсіздікті шынымен қалайтын азаматтар келе бастаған.

«Бұйырса бесінші маусымдағы референдумнан кейін бұдан да жақсаратын шығармыз. Құдай тілегімді қабыл еткей. Жол болсын ағалар. Мойындарыңызда батпан жүк, алдарыңызда бірталай жұмыс тұр. Ертеңін бүгінінен қымбат көретін Қазақ сіздерге үміт артты. Ал оның салмағы жеңіл емес…», - дейді ол. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама