×

Қазақстандықтардың 4,4%-ы депрессиядан зардап шегеді

Былтыр шамамен 4 мың адам өзіне қол салған

 Дәурен Ерболат 11.03.2024 | 12:48
Фото: dobrobut.com

Депрессияның таралуы бойынша Қазақстан 180 елдің арасында 93-орында тұр, деп хабарлады Ranking.kz.

Countrycassette журналының мәліметінше, елімізде тұрғындардың 4,4%-ы депрессиядан зардап шегеді.

Қазақстанда депрессияға бейім азаматтардың саны – 732,7 мың адам.

Депрессия ең көп тараған елдердің көшбасында Украина тұр – 6,3%. Одан кейінгі тізімде АҚШ, Аустралия және Эстония бар – 5,9%. Ресей тізімде 11-орында тұр – 5,5%.

Өзбекстан (109-орын), Қырғызстан (126-орын) және Тәжікстандағы (151-орын) көрсеткіш 4,2%-дан 3,8%-ға дейін.

Депрессиядан зардап шегетін адамдардың нақты санын анықтау – күрделі мәселе. Себебі немқұрайлылық пен үмітсіздікке ұшыраған кейбір адамдар дәрігерлердің көмегіне жүгінбейді. Бұл процесс – тек Қазақстанда ғана емес, басқа елдерге де тән.

Wellcome Global Monitor 3 жыл бұрын психикалық денсаулыққа қатысты үлкен зерттеу жүргізген. Ұйым адамдардың алаңдаушылық пен депрессияны қалай қабылдайтынын және өздеріне қалай көмектесуге тырысатынын түсіну үшін 113 елдегі 120 мыңға жуық адамға сауалнама жүргізген.

Маманға жүгіну және жазып берген дәрілерді қабылдау адамдардың депрессиядан шығу үшін қолданатын жалғыз негізгі әдісі емес. Өзіне-өзі көмек көрсетудің ең жиі айтылатын әдісі – достарымен және отбасымен байланыста болу (респонденттердің 78%-ы көрсеткен), өмір сүру салтын түзету (73%), таза ауада серуендеу және табиғатта демалу (71%), сондай-ақ отбасындағы (62%) және жұмыстағы (53%) жеке қатынастарды реттеу.

Депрессияға ұшыраған 732,7 мың қазақстандық бар. Алайда бұл – болжамды көрсеткіш. Нақты сан тек дәрігерлерге қаралып, психиатриялық диагноз қойылған азаматтарға ғана берілуі мүмкін.

Денсаулық сақтау министрлігі Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының (РПДҒПО) дерегінше, 2023 жылы динамикалық бақылаудағы психикалық және мінез-құлық ауытқуы бар науқастардың жалпы саны 198,4 мың адамнан асқан. Бұл – психоактивті заттардың (ПАЗ) әсерінсіз көрінетін әртүрлі психикалық ауытқуы бар адамдар.

Қазақстанда тағы 108,7 мың адам есірткі немесе басқа да психоактивті заттарды қолдану кезінде осындай ауытқулардан зардап шеккен. 2022 жылмен салыстырғанда жағдай аздап өзгерген.

Бірақ былтыр алғаш рет диагноз қойылған азаматтардың саны артты. 13,1 мың адамға (11,7% көбейген) психоактивті заттардың әсерінсіз психикалық ауытқу диагнозы қойылды, 13,4 мың адам (4,2% көбейген) психоактивті заттарды қолданудан туындаған психикалық ауытқумен есепте тұр.

Қазақстанда соңғы жылдары өз-өзіне қол жұмсау жағдайы өзгермеді. Бір жылда 3,5 мыңнан 4 мыңға дейін адам өз еркімен өз өмірін қиды.

Былтыр 12 айда Қазақстанда 3,7 мыңға жуық адам өз-өзіне қол жұмсаған. Оның ішінде 234 адам – кәмелетке толмағандар.

Бас прокуратура Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің (БП ҚС АЕК) есебінше, 3,7 мың адамның 99-ы ауыр психикалық жағдайда қайтыс болған.

2022 жылы мұндай суицидтер саны біршама жоғары болды – 106 адам.

Өзіне-өзі қол жұмсаудың көптеген себебі бар. Мысалы, жақын адамдардың қайтыс болуы, ажырасу, жұмысынан айырылу, физикалық немесе психикалық зорлық-зомбылық. Бұл жағдайлар адамның депрессиясын тудыруы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама