×

Алматыда 6 көше ұзартылады

Тиісті жер телімдері сатып алынады

 Дәурен Ерболат 04.03.2024 | 09:56
Фото: kolesa.kz

Алматыда 6 магистралдық көше ұзартылады, деп хабарлады қалалық мобилділік басқармасы.

Қазір Төле би көшесін Яссауи көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту бойынша жер телімдерін сатып алуға байланысты жол-құрылыс жұмысы мен инженерлік желілерді қайта құру жүргізіліп жатыр. Ұзындығы 4,5 шақырым болатын жоба 2 учаскеге бөлінген. Жұмыс 2025 жылдың соңына дейін аяқталады.

Биыл ұзындығы 4,3 шақырым болатын Хмельницкий көшесін «Қайрат» шағын ауданынан Талғар тасжолына дейін ұзарту және Райымбек даңғылын Жетісу көшесінен Талғар тасжолына дейін ұзартып салу бойынша құрылыс-монтаждау жұмысын бастау жоспарланған. Сондай-ақ биыл ұзындығы 0,6 шақырым болатын Мұқанов көшесін Райымбек даңғылынан Мақатаев көшесіне дейін ұзарту жұмыстары басталады. Осы аумақтар бойынша жобалық құжаттама әзірленіп, сараптамада жатыр.

Сонымен қатар жер телімінің алынуына қарай Жұбанов көшесін Бауыржан Момышұлы көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту жұмыстары жүргізіледі.

Жоба бойынша жалпы ұзындығы 3,9 шақырым болатын 2 кезек қарастырылған. Аяқталу мерзімі – 2026 жылдың соңына дейін.

Сондай-ақ биыл ұзындығы 0,3 шақырым болатын Оңғарсынова көшесін Райымбек даңғылына дейін ұзару жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Бүгінде жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін басқарма осы жылдың соңында Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысындағы жолайырық ашуды жоспарлап отырғанын хабарлаған. Биыл 3-тоқсанда Сайын көшесі мен Мөңке би көшесінің қиылысында жолайырықты пайдалануға беру көзделген.

Жыл соңына дейін Сайын көшесін Рысқұлов даңғылынан Ақын Сара көшесіне дейін және Абай даңғылын Строительная көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту жұмыстары аяқталады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама