×

Астанада параүстел теннисінен алғаш рет турнир өтіп жатыр

Қазақстан атынан 11 санат бойынша 53 спортшы сынға түсіп жатыр

 Динара Амантай 01.03.2024 | 18:34
Фото: Астана қ. әкімдігінің баспасөз қызметі

Астанада параүстел теннисінен алғаш рет ITTF Fa20 Astana para open 2024 турнирі басталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Елорда әкімдігінің мәліметінше, 1-3 наурыз аралығында өтетін жарыста әлемнің 18 елінің ең үздік параспортшылары бақ сынап жатыр. Олардың арасында Паралимпиада чемпиондары Елена Прокофьева (Ресей), Уилл Бэйли (Ұлыбритания), Алена Канова (Словакия), Лондон Паралимпиадасының чемпионы, 4 дүркін әлем чемпионы Томми Урхайг (Норвегия) және бірнеше Паралимпиада, әлем чемпионаттарының жүлдегерлері бар.

Жарыстың ашылу салтанатына Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит қатысты.

Параүстел теннисінен турнир тұңғыш рет Астанада ұйымдастырылып жатқанына қуаныштымыз. Әлемнің 20-ға жуық елінен 150-дей ең үздік спортшы қатысып жатыр. Бәріңізге сәттілік тілеймін! – деді елорда әкімінің орынбасары Есет Байкен.

Айта кетсек, ITTF Fa20 para open деңгейлі турнир жылына 14 рет ұйымдастырылады. Оның 4-еуі Париж Паралимпиадасына ұпай жинайтын жарыс саналады. Ал, Астанадағы бәсеке паралимпиадаға қатысуға мүмкіндік беретін дода болып саналады. Қазақстан атынан 11 санат бойынша 53 спортшы сынға түсіп жатыр.

Астанада осындай деңгейдегі турнирдің өткеніне қуаныштымын. 9-шы санаттағы қарсыластарым өте мықты. Әсіресе, Аустралиядан келген Токио Паралимпиадасының күміс жүлдегері Мелисса Тапперді ерекше атар едім. Бұйырса, чемпион атануға барымды саламын, – деді турнирдің ең жас қатысушыларының бірі елордалық Алтынай Ержанқызы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама