×

Маусымда елімізге 8 керқұлан әкелінеді

Үш айғыр мен бес бие Прага мен Берлиннен ұшақпен жеткізіледі

 Ербол Тұрымбет 29.02.2024 | 17:05
фото: ortcom.kz

Пржевальский жылқылары деп ресми аталатын керқұландар Қазақстан территориясына қайта оралады. Олар Еуропадан әскери ұшақтармен жеткізіледі. Екі ұшақтың бірі Прагадан, екіншісі Берлиннен ұшып шығады. Бұл туралы Прага қаласы хайуанаттар бағының директоры Мирослав Бобек Орталық коммуникациялар қызметінде өткен бирфингте айтты.

Оның айтуынша, алдағы жылдары ел аумағына кемінде 40 жылқы әкелінеді. Ал биыл жазда келетін әуелгі 8 жылқының төртеуі Прагадан, төртеуі Берлиннен 3 маусымда ұшып шығады. Олардың үшеуі – айғыр, бесеуі – бие.

Айта кету керек, жабайы жылқыларды ең соңғы рет 19-ғасырдың екінші жартысында орыс генералы Пржевальский Моңғолиядан тапты. Сол кездің өзінде-ақ олар жойылып кетудің алдында тұрған.

Қазақстан тарапы 2022 жылдың күзінде осы мәселе бойынша әріптестік орнату туралы Чехияға өтініш жасады. Сөйтіп, былтыр сәуірде екі елдің премьер-министрлері қатысқан жиында Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетімен меморандум жасалды.

Меморандумға қол қойылғаннан кейін біз Данияр Тұрғамбаев екеуміз Қазақстанда Пржевальский жылқыларының реинтродукциясы үшін бірнеше жерді аралап шықтық. Солардың ішінен барынша қолайлы территория деп Алтын даланы таңдадық. Мұнда Қазақстанның биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығы бұрыннан бері дала мен дала жануарларын қорғаумен айналысып келеді, – дейді Мирослав Бобек.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаевтың айтуынша, Алтын далада бүгінде Барсакелмес пен «Алтын емел» ұлттық паркінен алдырған құландарды реинтродукциялау сәтті іске асып келеді. Сондықтан базалық инфрақұрылым жасалған.

Сондай-ақ Алтын далада Пржевальский жылқыларына жерсіну үшін жалпы аумағы 100 гектарды қамтитын 3 қоршаулы аумақ дайындалған. Жылқылар әкелінген соң бірінші жылы осы аумақтарда болады. Арнайы мамандар оларды осы жерлерде үнемі бақылап отырады.

Жерсіндіру үшін талаптардың бірі, маңайда үй малы болмауы керек, яғни жақын арада жылқы жүрмеуге тиіс. Себебі үй жылқыларынан ауру жұғып кету қаупі бар. Сондықтан таңдалып отырған жерден 50-60 шақырым аумақта жылқы жоқ. Оның үстіне, Алтын далада 489 мың гектар жер аумағының шөбі жақсы. Қорада бір жыл ұстаған кезде қосымша шөп жиналады, - дейді Данияр Тұрғамбаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама