×

«Жігіттер» тобы халықпен бірге ән шырқайды

Топтық әрі жекелей жазылған жаңа әндер сахнада алғаш рет шырқалады

 Халық үні 29.02.2024 | 11:20
Фото: ұйымдастырушылар

Елдің ыстық ықыласына бөленіп, ән шерудің алғы шебінде жүрген «Жігіттер» тобына биыл 20 жыл! Талай уақыт сахна төрінде ән шырқап, халықтың сүйіктісіне айналған өнерпаз жігіттер Халықаралық әйелдер күні қарсаңында елордада 20 жылдық мерекелік концерт өткізбек.

Әндері ел арасында жатқа айтылатын квартет мерекелік концертімізді нағыз тыңдармандарымызға арнаймыз дейді. Халық көңілінен орын тепкен туындыларды тыңдарман қауыммен бірге шырқап, қайталанбас кеш өткізбек ниетте. Концертке келгендер есті әрі ескі әндерді тыңдап, тамаша күйге енері сөзсіз!

Десе де мерейтойлық кеште тың туындылардың да тұсауы кесілмек. Топтық әрі жекелей жазылған жаңа әндер сахнада алғаш рет шырқалады.

Айта кетейік, «Жігіттер» тобы талай жылдан бері құрамы өзгермей, дәм-тұзы жарасқан төрт әншіден құралған топ. Айдар Байжанов, Бағлан Әбдірайымов, Ердос Қанаев және Мырзахан Маханов сынды талантты әншілердің топтық қоржынында 4 үнтаспа, 10-ға жуық бейнебаян, 80-ге жуық ән бар.

Қазақ эстрадасының төрінен орын алған «Жігіттер» тобының мерекелік концертінен қапы қалмаңыздар! Мерекелік концерт 2024 жылғы 6 наурызда, сағат кешкі 19:30, Астана қаласы, Кенесары көшесі 32, Мемлекеттік академиялық филармонияда өтеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама