×

Ертең футболдан Қазақстан чемпионаты басталады

Премьер-лиганың матчтары 1 наурыз бен 10 қараша аралығында өтеді

 Дастан Жұмабекұлы 29.02.2024 | 12:20
Фото: Instagram/fc__ordabasy

Ертең футболдан Қазақстан чемпионаты басталады. Премьер-лиганың биылғы маусымына 13 өңірден 14 клуб қатысады. Олар – «Ақсу», «Ақтөбе», «Астана», «Атырау», «Елімай», «Жеңіс», «Жетісу», «Қайрат», «Қайсар», «Қызылжар», «Ордабасы», «Тобыл», «Тұран» және «Шахтер».

Қазақстан чемпионаты 1 наурыз бен 10 қараша аралығында өтеді. Мачтардың көбі дәстүрлі түрде демалыс күндеріне жоспарланған.

Маусымның алғашқы ойыны еліміздің 7 дүркін чемпионы «Астана» мен 16 жылдан кейін Премьер-лигаға оралған «Жеңіс» арасында болады. Сөйтіп, чемпионаттың алғашқы ойыны астаналық дербиімен ашылады. Сонымен бірге бірінші турда ел чемпионы «Ордабасы» өз алаңында Қарағандының «Шахтер» клубымен кездеседі.

Былтыр қазан айында Шымкенттің командасы өз алаңында кеншілер қаласының командасын жеңіп, тұңғыш рет ел чемпионы атағын жеңіп алған еді.

Премьер-лиганың матчтарын Qazsport, Qsport пен жаңа ашылған Qfootball телеарналары тікелей эфирде көрсетеді. Әзірше алғашқы 6 турдағы ойындардың басталу уақыты белгілі, ал қалған турлардағы матчтардың басталу уақыты туралы ақпарат кейінірек жарияланады.

Еске сала кетсек, 1 наурыздан бастап елімізде бірыңғай уақыт белгіленеді. Ойындардың толық күнтізбесін Telegram-арнасынан немесе qfl.kz сайтынан көруге болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама