×

«Ұлы Дала Жорығы» жобасының халықаралық бағыттағы қадамы нығайып келеді

Кемінде 15 шетелдік команда бақ сынауға тиіс айтулы бәйгенің жалпы қашықтығы 500 шақырымды қамтиды

 Еркеғали Болатұлы 23.02.2024 | 16:40
фото: Halyq Uni

Осы аптада «JORYQ» республикалық ат спорты федерациясының жетекшісі Бақытжан Тұрлыбеков Венгрия (Мажарстан), Моңғолия және Түрікменстанның Қазақстан Республикасындағы елшілерімен кездесу өткізді.

Атап айтқанда, ол Венгрияның Төтенше және өкілетті елшісі Отто Иван Ронамен, Моңғолияның Төтенше және өкілетті елшісі Дорж Баярхумен, Түрікменстанның Төтенше және өкілетті елшісі Реджепов Батыр Дурдымуратовичпен кездесті.

Кездесулер барысында әлемде теңдесі жоқ «Ұлы Дала Жорығы» жобасы туралы сөз қозғалып, 2024 жылы Ұлттық спорт қауымдастығының қолдауымен алғаш рет халықаралық деңгейде өтетін марафон-бәйгенің ұйымдастыру мәселелері кеңінен талқыланды. Өз кезегінде ҚР Сыртқы істер министрлігі халықаралық дипломатиялық өкілдік және ұйымдармен байланыс орнатуда ерекше қолдау көрсетіп жатыр.

«Ұлы Дала Жорығы» халықаралық дүбірлі додасының 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында өтетін маусымына Ботай (СҚО) – Бозоқ (Астана) жаңа бағытының арнайы таңдалып алынуы терең мазмұнға ие. Кем дегенде 15 шетелдік команда бақ сынайды деп күтіліп отырған айтулы бәйгенің жалпы қашықтығы 500 шақырымды қамтығалы тұр.

Марафон-бәйгенің Ботайдан басталуының терең астары бар. Себебі адам баласы жылқы малын дәл осы жерде алғаш рет қолға үйреткен. Ал VIII-X ғғ. көне түркілердің киелі мекеніне айналған Астана маңындағы Бозоқ қалашығы жарыстың аяқталу нүктесі болмақ.

Сондай-ақ Бақытжан Тұрлыбеков дипломаттарға өз елдеріндегі ат спортын дамытуға жауапты ұйымдармен тығыз байланыс орнату және алдағы марафон-бәйгенің ұйымдастыру мәселелері бойынша қолдау көрсетуді ұсынды.

Кездесулер соңында Венгрия, Моңғолия және Түрікменстан елшілері «JORYQ» ат спорты федерациясының бастамаларына қолдау көрсетіп, жаңа ат спорты түрін дамытуда және тәжірибе алмасуда ынтымақтасуға дайын екендіктерін жеткізді. Бұл өз кезегінде елдер арасындағы байланыстардың одан әрі нығая түсуіне, бүкіл әлемдік қауымдастықта ат спортының дамуына ерекше серпін бермек.

«Ұлы Дала Жорығы» – жылқы жануарының ең мықты тұқымы анықталатын далалық лабораториясы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама