×

Қосшы шенеуніктері электр нысандарын салу кезінде 222,2 миллион теңгені жымқырған

Құрылыс бөлімі трансформаторлық қосалқы станцияларды орнатпаған

 Халық үні 28.05.2022 | 06:00
Фото: inform.kz

Қосшы қаласында сыртқы электрмен жабдықтау нысандарын салу жұмыстарын жүргізу барысында бюджетке 222 миллион теңгеден астам шығын келген.

Аталмыш қылмыс прокурорлық тексеріс барысында анықталған.

«Тапсырыс беруші ретінде Қосшы қаласының құрылыс бөлімі трансформаторлық қосалқы станцияларды орнатпаған. Алайда, 222,2 миллион теңге мөлшерінде негізсіз төлем жүргізіп, осы жұмыстарды орындау туралы актілерге қол қойған (2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін жұмыстар орындалған жоқ). Арнайы прокурорлар басқармасы осыған байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігі 2-бөлімшесі («аса ірі көлемде жымқыру») бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жария етуге жатпайды», - деді прокуратураның баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта тергеу органы соттың санкциясымен құрылыс бөлімінің басшысын қамауға алды. Осы ретте, бюджет қаражатын жымқырғандарға ҚР Қылмыстық Кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-бөлімшесі бойынша 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын еске саламыз.

Айта кетсек, Ақмола облысында жемқорлық жасап сотталған 42 шенеуніктің 16-сы ғана түрмеге қамалған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама