×

Премьер-лига клубтары тарихта алғаш рет 100 млн теңгеге таласады

Бұған дейін бұл жасыл алаңда Бундеслига күндері аясында неміс клубтары жолыққан

 Еркеғали Болатұлы 13.02.2024 | 16:35
фото: 9111.ru

Футболдан жаңа маусымның алдында ел футболы тарихындағы бірінші мәрте ұйымдастырылып жатқан 1ХВЕТ Winter Cup турнирінде 100 миллион теңге сарапқа салынбақ, деп хабарлады BasSport.kz.

Турнир 17-21 ақпан аралығында Белек (Түркия) қаласында өтеді. Жарысқа «Ордабасы», «Тобыл», «Ақтөбе», және «Елімай» клубтары қатысады. Доп додасының жеңімпазы 60 млн теңгеге ие болса, 2-орын алған клуб 40 млн теңге сыйақы алады.

Жеребе нәтижесі бойынша 1ХВЕТ Winter Cup турнирінің ашылу ойынында Бірінші лиганың чемпионы «Елімай» мен Премьер-лига жеңімпазы «Ордабасы» өзара доп тепсе, екінші кездесуде Қазақстан кубогының чемпионы «Тобыл» мен ел чемпионатының қола жүлдегері «Ақтөбе» жолығады. Қос жұптың жеңімпаздары финалда ойнаса, жеңілгендері қола жүлдені сарапқа салады.

Ойындар «Титаник Делюкс» стадионында өтеді. Бұған дейін бұл жасыл алаңда Бундеслига күндері аясында неміс клубтары жолыққан.

Маусым басталмай тұрып, осындай турнирлерді өткізу Еуропаның жетекші лигаларында қалыпты үрдіске айналған. Демеушілеріміз 1ХВЕТ букмекерлік компаниясының көмегі арқасында біздің де коммерциялық турниріміз пайда болды. Жүлде қоры ел кубогымен пара-пар. Сондықтан қатысушыларға жақсы мотивация болатыны сөзсіз. Оқу-жаттығу жиыны барысында футболшылардың шеберліктері, жанкүйерлердің қызығушылықтары артқанын байқап жатырмыз. Біздің мақсат – Қазақстан Премьер-лигасын коммерцияландыру үшін демеушілерді тарту. Лиганың серіктестерімен бірлескен жұмыс елдегі футболдың дамуына оң әсер тигізетініне сенімдіміз, - деді Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының президенті Рафаэль Гарибян.

Жартылай финалдық ойындар 17 ақпанда 15:00 және 20:00-де өтеді.

3-орын үшін кездесу 21 ақпанда 15:00-ге, ал финалдық ойын сол күні 20:00-ге жоспарланған.

Ойын уақыттары Астана уақытымен көрсетілген. Доп додасын отандық Qazsport телеарнасы тікелей эфирден көрсетеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама