×

Қаңтарда 20 млрд теңгені игере алмаған министрліктер аталды

Жоспарланған 143 млрд теңге қаражат бюджетке түспеген

 Дәурен Ерболат 13.02.2024 | 13:58
көрнекі фото: Halyq Uni

Қаржы министрі Мәди Такиев биыл биыл қаңтар айындағы мемлекет қаржысының атқарылуы туралы есеп берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қаңтарда мемлекет бюджетіне шамамен 1 трлн теңге түскен. Республикалық бюджеттің кірісі – 521 млрд теңге.

Кірістер бойынша жоспар 143 млрд теңгеге орындалмады, оның ішінде салықтар бойынша – 151 млрд теңге, - деді Мәди Такиев Үкімет отырысында.

Министрдің айтуынша, биыл экономиканың үздіксіз өсуіне қарамастан негізгі экспорттық тауарларға бағаның төмендеу процесі сақталып отыр.

«Мәселен 2024 жылғы қаңтарда металдың бағасы орта есеппен 10,3% төмендеді. Бағаның төмендеу факторы, сондай-ақ ірі компанияларда туындаған логистика мен өткізудегі қиындықтар республикалық бюджеттің негізгі салықтары бойынша болжамды көрсеткіштердің орындалмауына әсер етті. Бұл – корпоративтік табыс салығы, импортқа салынатын қосылған құн салығы, шикі мұнайға салынатын экспорттық кеден бажы», - деді министр.

Мәди Такиевтің айтуынша, қаңтарда жергілікті бюджеттердің кірісі 526 млрд теңгеге жеткен.

Нәтижесінде жоспар 251 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 223 млрд теңгеге асыра орындалды. Кіріс бойынша жоспарлар барлық өңірде асыра орындалды, - деді ведомство басшысы.

Министр бюджет қаржысын игере алмаған министрліктерге тоқталды. Республикалық бюджет бойынша 1,5 трлн теңгеге шығыс жүргізілген: атқарылмағаны – 33 млрд теңге, оның ішінде 13 млрд теңге – үнемдеу, игерілмегені – 20 млрд теңге.

Игерілмеген қаражаттың ең көбі Мәдениет және ақпарат министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Ішкі істер министрлігі және Қорғаныс министрлігіне тиесілі. Игерілмеудің негізгі себептері – 663 млн теңгеге мемлекеттік сатып алу бойынша өткізілмеген конкурстар, конкурстық рәсімдер мен шарттар жасасу рәсімдерін ұзақ уақыт өткізу.

Сондай-ақ қаңтар айында әкімдіктердің шамамен 1 млрд теңгені игере алмағаны белгілі болды.

«Жергілікті бюджеттердің шығысы – 422 млрд теңге. Атқарылмағаны – 24 млрд теңге. Биыл өңірлерге 1,8 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделді.

Оларға 1 ақпанда 6 млрд теңге бөлінген. Олардың 83,5% игерілді. Атқарылмағаны – 1 млрд теңге, оның ішінде 0,1 млрд теңге – үнемдеу, 0,9 млрд теңге игерілмеді. Бюджет қаражатын игере алмаған өңірлер – Түркістан, Алматы, Жамбыл және Атырау облыстары», - деді министр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама