×

Спортты дамыту дирекциясының басшылары арзан тауарларды қымбатқа сатып алған

Мемлекетке 383 млн теңге шығын келген

 Дәурен Ерболат 10.02.2024 | 10:37
Фото: ҚМА

Спортты дамыту дирекциясының басшылары бюджет қаржысын талан-таражға салды, деп хабарлады ҚМА.

Агенттіктің елордалық департаменті Туризм және спорт министрлігі жанындағы Спортты дамыту дирекциясының лауазымды тұлғаларына қатысты аса ірі көлемде ақша ұрлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

2022 жылы Қазақстан құрамасының спортшыларына Азия ойындарына қатысуы үшін Қытайда жасалған сапасы өте төмен спорттық аяқ киім мен рюкзактар ​​сатып алынды. Тауарлардың құны 3 есе негізсіз көтерілген. Сондай-ақ жеткізуші аталған тауардың отандық өнім екені жайлы жалған құжаттарды ұсынған. Салдарынан мемлекетке 383 млн теңге шығын келген, - деп жазылған хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан құрамасының спортшылары оларға берілген киімнің өте сапасыз екенін айтып, шағымданған болатын.

Сот санкциясымен дирекция басшысының орынбасары қамауға алынды.

Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес басқа ақпарат жарияланбайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама