×

Бурабайда IQanat жобасы аясында ауыл оқушыларына арналған әмбебап мектеп пайдалануға берілді

Оның бой көтеруіне белгілі меценат Тимур Турлов қолғабыс жасады

 Еркеғали Болатұлы 09.02.2024 | 12:41
фото: IQanat

Жыл сайын Қазақстанның түрлі өңірінен қосымша 600-дей ауыл баласы Бурабайдағы IQanat мектебінде сапалы білім ала алады. Мұндай мүмкіндікті белгілі кәсіпкер, меценат және мектептің қамқоршысы Тимур Турлов қамтамасыз етті. Ол құны 2,7 млрд теңге болатын жаңа кампустың құрылысын қаржыландырды.

8 ақпанда Бурабайда ашылу салтанаты өтіп, оған Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов және IQanat жобасының бастамашысы Айдын Рахымбаев қатысты.

Жаңа кампуста мектеп оқушылары да, IQanat олимпиадасының ақтық сынына жеткен ауыл балалары да білім алады. Бұл тұста Олимпиададан кейінгі үш жылдық бағдарламаның қатысушылары саналатын 1 700 ауыл оқушысы үнемі мектепке қарқынды курстардан өтуге келіп тұрады.

Жаңа корпус спорт, ғылым және өнер әлеміндегі ең батыл балалық қиялдарға қанат бітіреді. Онда планетарий, 400 орындық амфитеатр, IT және STEM зертханалары, 7 мың кітап қорына арналған кітапхана, тренажер, хореография және фитнес залдары, шахмат клубы, қыш бұйымдары және бейнелеу өнері шеберханалары, коворкингтер, тіпті дыбыс жазу студиясы да бар.

Жаңа ғимаратта нақты не болуы керектігін балалардың өздері жоспарлады. Ол үшін құрылыс алдында балалар арасында ауқымды сауалнама жүргізілген. Сондай-ақ жобалауда Финляндия, Дания, АҚШ елдеріндегі мектептер сәулетінің халықаралық тәжірибесі пайдаланылып отыр.

Жаңа корпус Тимур Турлов негізін қалаған Freedom Holding Corp компаниясының атымен Freedom House деп аталды. Бұл – IQanat оқу ауылындағы алғашқы ғимарат. Болашақта басқа қазақстандық кәсіпкерлер қолғабыс ететін тағы осындай біраз нысан пайда болады деп күтіліп отыр.

IQanat бұл дәстүрді жаңа ғимараттары құрылысқа демеушілік жасаған тұлғалар мен компаниялардың атымен аталатын The lvy League университеттері (Гарвард, Йель және басқалары) сияқты беделді әлемдік университеттерден қабылдаған.

Еліміздің басты байлығы – адамдар. Бір адамның өзі көп дүние жасай алады, ал бәріміз бірге расында маңызды нәрсеге қол жеткізе аламыз. Еліміздің болашағы сіз бен біздің қаншалықты білімді болатынымызға және елге деген сүйіспеншілігіміздің нақты іс жүзінде көрініс табуына тікелей байланысты. Қазір осында оқитын балалар біздің елімізді жақсы жаққа өзгерте алады. Олардың көпшілігі бизнесте, ғылымда, мемлекеттік басқаруда, өнерде, спортта жетістікке жете алатынына сенімдімін. Ал мұнда алынған білім белгілі бір өнеге-үлгіге айналып қана қоймай, теңсіздік мәселесін шешуге елеулі үлес қосады, - деді Тимур Турлов.

Айта кетсек, Тимур Турлов – 2019 жылдан бері IQanat жобасының қамқоршысы. Ол жаңа корпус салудан басқа, Жетісу, Қызылорда, Павлодар және Түркістан облыстарының ауыл балаларына қолдау көрсетеді.

Осы орайда жобаның бастамашысы және қамқоршысы Айдын Рахымбаев кәсіпкерлердің неге осындай бастамаларды қолдауы керектігін түсіндірді.

Кәсіпкерлер қайырымдылықпен саналуан сипатта айналысады. Кейбіреулер тікелей қаржылық көмек көрсетсе, біреулер азық-түлік, киім, көмір және тағы басқа қажеттіліктерді сатып алып береді. Әрине, көмектің барлық түрі маңызды. Алайда егер кәсіпкерлердің ұзақ мерзімді және ауқымды игіліктерді бастауға деген шынайы ниеті болса, білім беруге инвестиция салу керек. Барлық ниет танытушылар біздің бастамаға қосыла алады. Осылайша, біз ұлттың дамуына ең үлкен үлес қосамыз. IQanat – қазақстандық кәсіпкерлер жобасы. Ізгі қоғамдастығымызға атсалысушылар саны бүгінде 150-ден асады. Бұл – «аш адамға балық емес, қармақ береміз» деген сөз.

Оған IQanat мектебін мысал етсек, біз қолдайтын балалардың өздері ержеткенде мұқтаж адамдарға, отбасыларға қол ұшын созуға асығатыны анық. Сонымен қатар, IQanat түлектері есейгенде дүниеге келетін олардың болашақ ұрпақтарының тағдыры, табысы мен білім деңгейі де мүлде басқа болатыны сөзсіз. Үшіншіден, IQanat түлектері өз туған ауылдарының дамуына да әсер етеді – қаржылай көмек көрсетеді, биік белестерге шабыттандырып, қызмет етеді. Мұның бәрі зор әрі оң мультипликативті нәтиже береді», - деді Айдын Рахымбаев.

Сонымен қатар, ол Тимур Турловқа және барлық IQanat қамқоршысына жобаның өрісін кеңейтуге қосқан елеулі үлестері үшін зор алғысын білдірді.

Айта кетейік, биылғы жыл – бұл жоба үшін ерекше. Өйткені Қор «IQanat – мың бала» сынды бағдарламаларымен білім-білігі толысқан балалардың санын рекордтық көрсеткішке жеткізбек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама