×

Үш күнде 2 есірткі зертханасы жойылды

«Тосқауыл» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр

 Динара Амантай 09.02.2024 | 09:40
Фото: polisia.kz

Ішкі істер органдары 5 ақпаннан бастап ел аумағында «Тосқауыл» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп жатыр. Оның мақсаты – нашақорлықтың алдын алу шараларының тиімділігін арттыру және есірткі құқықбұзушылықтарын анықтау, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Азаматтармен кең ауқымды профилактикалық жұмыс жүргізіліп жатыр. Полиция, әкімдік қызметкерлері, үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қатысуымен кездесу, 286 дәріс, акция, дөңгелек үстел, спорттық және басқа да есірткіге қарсы іс-шаралар ұйымдастырылды. Есірткі заттарының жарнамасы бар граффитилерді өшіруде полицияға еріктілер көмек көрсетеді, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов.

«Тосқауыл» операциясы басталғалы бері 2 есірткі зертханасы жойылды. Мәселен, Алматы қаласында жеке үйде синтетикалық есірткі өндіретін зертхана анықталды. Синтетиканы дайындауға арналған жабдықтар, оның ішінде реакторлар, вакуумдық сорғылар, магниттік араластырғыштар, сондай-ақ қаскөйлердің есірткі бизнесіне қатысы бар екенін растайтын ақша айналымы туралы жазбалар және 13 келіден астам мефедрон тәркіленді.

Маңғыстау облысында каннабис тобының есірткі өсімдіктері өсірілетін фитозертхана таратылды. Ол жерден арнайы жылытқыш жабдық, тамшылатып суару жүйесі мен жарықтандыру аппаратурасы тәркіленді.

Шымкент-Жетісай тасжолында полиция қызметкерлері Toyota Camry 40 маркалы автокөлігін тоқтатты. Оның жүксалғышынан жалпы салмағы 65 келі кептірілген марихуана салынған 4 полипропилен қап табылды.

«Тосқауыл» операциясы аясында көші-қон қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп, күн сайын шетел азаматтары мен олардың тұратын жерлеріне тексеру жүргізіледі. Операция басталғалы бері көші-қон заңнамасын бұзудың 772 дерегі анықталып, 141 адам елден шығарылды. Қызметтік иттердің көмегімен көліктерге, жүктерге, пошта бөлімшелері мен басқа да нысандарға тексеру жүргізіледі. Олардың көмегімен 23 есірткі қылмысы анықталды. Сондай-ақ полиция қызметкерлері қаруды заңсыз сақтаудың 24 фактісін анықтады, – деді Бақытжан Әмірханов.

Операцияның үш күнінде 130 қылмыстық құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде есірткі өткізудің 32 фактісі, аса ірі мөлшерде сақтаудың 24 фактісі және есірткі контрабандасының 3 фактісі тіркелді. Заңсыз айналымнан 107 келіге жуық түрлі есірткі, оның ішінде 26 келі синтетика, 79 келі марихуана және 1,8 келі гашиш тәркіленді. Осылайша, полицейлер 78 мыңға жуық синтетикалық есірткінің бір реттік дозасын айналымға жібермеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама