×

Балалардың цифрлық сауаты артады – ЮНИСЕФ

Жоба кибербуллингтен қорғауды да көздейді

 Дәурен Ерболат 06.02.2024 | 18:18
Фото: efcst.org

Бүгін Халықаралық қауіпсіз интернет күні аясында «КИБЕР ТҰМАР» ақпараттық-білім беру науқаны басталды, деп хабарлады БҰҰ Қазақстандағы балалар қорының баспасөз қызметі.

Мақсат – балалардың интернетті сауатты пайдалануға үйрету, цифрлық сауатын арттыру және киберкеңістіктегі қауіпті азайту.

«КИБЕР ТҰМАР» – Балалардың құқығын қорғау комитеті, ЮНИСЕФ Қазақстан және Еуропа Одағының қолдауымен іске асқан ақпараттық-білім беру науқаны. Оның аясында балалар киберкеңістіктегі түрлі қауіп-қатердің базалық алгоритмдері және сарапшылардың кеңесімен танысып, пайдалы бейнероликтерді көре алады.

Балалардың құқығын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанованың пікірінше, бүгінде интернет тек ақпарат құралы емес, сонымен бірге коммуникация құралы.

Сондықтан мұндай құралдың мүмкіндігін барынша пайдалы, саналы және адамға зияны тимейтіндей етіп қолдануды жасынан үйрету керек. «КИБЕР ТҰМАР» – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, ата-ана мен баланың онлайн ортада ақпаратты таңдауға, киберкеңістегі «иммунитетін» қалыптастыруға мүмкіндік беретін заманауи іс-шара, - деді басшы.

Еуропа Одағының Қазақстандағы елшісі Кестутис Янкаускас аталған жоба балалар үшін маңызды екенін атап өтті.

Интернет күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Алайда балаларымыздың өмірі мен қауіпсіздігі одан да маңызды. Сондықтан ата-ана ретінде балаларымыздың мектепте, көшеде, және интернет әлемінде қауіпсіздігін қамтамасыз ету өзекті. Осы жоба арқылы барлық балаға қауіпсіз онлайн кеңістік құра аламыз, - деді елші.

Сондай-ақ БҰҰ Қазақстандағы балалар қоры (ЮНИСЕФ) өкілінің міндетін атқарушы Летисия Баззи-Вейл «КИБЕР ТҰМАР» балаларды әлеуметтік желідегі қауіп-қатерден қорғауға мүмкіндік береді деген ұстанымда.

Әр бала интернетте де өзінің алғашқы виртуалды қадамдарын жасайды. Сондықтан киберкеңістікте оның қауіпсіздігін сақтау маңызды. Осыған байланысты аталған жоба балаларды интернеттегі жағымсыз байланыстан, контенттен және іс-әрекеттен қорғауға ықпал етеді деп сенемін. Балаларымыздың өз «КИБЕР ТҰМАРЫ» болса, олар қауіпсіз ортада өсіп, мүмкіндігі артады, - деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама