×

Қазақстан бокс федерациясының жаңа басшысы сайланды

Ол боксшыларға қолдау көрсетуге сөз берді

 Дәурен Ерболат 05.02.2024 | 12:22
Фото: kfb.kz

Бүгін Астанада Қазақстан бокс федерациясының дәстүрлі жиыны өтті, деп хабарлады федерацияның баспасөз қызметі.

Жиын барысында федерацияның жаңа президенті қызметіне Шахмұрат Мүтәліп сайланды. Ол Кеңес Рақышевтің орнын алмастырды.

Отырыста өткен жылдың нәтижесі қорытындыланып, ерлер және әйелдер командасы бас бапкерлерінің есебі тыңдалды.

ҚБФ жаңа басшысын сайлау отырыстың соңында өтті.

Шахмұрат Мүтәліп өзіне сенім артқан федерация мүшелеріне алғыс айтып, ортақ мақсатқа жету жолында өзінің бар күшін салатынын атап өтті.

Маған жүктелген жауапкершілікті сезіне отырып, Қазақстан боксын әрі қарай дамытуға, спортшыларымызға жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың мүддесін қорғауға, ҚБФ рөлін еліміздің ішінде және халықаралық деңгейде арттыруға бар күшімді саламын. Биыл өтетін маңызды додалар қарсаңында команданың алдында үлкен мақсат тұр. Өз тарапымыздан дайындыққа қажет барлық жағдайды жасауды жалғастыра береміз. Бірлесе еңбек ету арқылы отандық бокстың әлемдік аренадағы беделін нығайта түсеміз, - деді Қазақстан бокс федерациясының жаңа президенті.

Айта кетейік, Шахмұрат Мүтәліп 1990 жылы 18 қыркүйекте Алматы облысының Казцик ауылында дүниеге келген. Куала-Лумпурдағы (Малайзия) Азия-Тынық мұхиты университетінде (APU) білім алған, экономика ғылымдарының магистрі. Кәсіпкер, Integra Construction KZ компаниясының иесі. Үйленген, 3 баласы бар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама