×

Талғарда такси жүргізушісін балағаттаған ер адам іздестіріліп жатыр

Желі қолданушыларының айтуынша, такси жүргізушісіне ауыр сөздер айтқан — Талғар аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі.

 Халық үні 02.02.2024 | 23:38
Фото: видеодан алынды

Алматы облысының полицейлері такси жүргізушісімен дөрекі сөйлесіп, есігін тарс жауып, көлігін теуіп кеткен ер адамды іздеп жатыр. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желілерде тарады,деп хабарлады ҚазАқпарат.

Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта такси жүргізушісімен жанжалдасқан адамды іздестіру жұмыстары жүргізілуде.

«Қазіргі уақытта Талғар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері бұл фактіні хаттамамен тіркеді. Процессуалдық шешім қабылдау үшін оқиғаға қатысушылардың тұрғылықты жерін анықтау бойынша іздестіру шаралары жүргізілуде», - деп хабарлады Алматы облысы ІІД баспасөз қызметі.

Алматы облысының әкімдігі оның Талғар аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі екенін растады.

«Әлеуметтік желілерде Талғар қаласында такси жүргізушісі мен жолаушы арасындағы жанжал түсірілген видео таралуда. Кейбір ақпарат көздері жолаушы Гүлдала ауылындағы мешіттің имамы екенін айтады. Алайда Алматы облысының дін істері басқармасы оның имам емес екенін мәлімдеді. Аталған ер адам Талғар аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі екенін хабарлаймыз. Жалған ақпарат таратпауыңызды сұраймыз», – деп хабарлады аудан әкімдігі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама